Балабақшаларға қойылатын талаптар күшейтіледі - министр

0
336

Министр балабақшаларды лицензиялау туралы ұсыныстың болғанын еске салды.


Балабақшаларға қойылатын талаптар күшейтіледі - министр

ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жақын арада балабақшаларға қатысты талап күшейтілетінін мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

"Бүгін-ертең бұйрыққа қол қоямыз. Оған сәйкес, мемлекеттік тапсырыс алуға қатысты талаптар күшейтіледі. Ол жерде бейнекамераларды орнату бойынша міндетті талап бар. Бұдан бөлек, санитарлық, өрт қауіпсіздігі, педагогтер біліктілігі, штаттық талаптарды орындау сияқты нақты міндеттер бар", - деді Аймағамбетов.

Осы орайда министр балабақшаларды лицензиялау туралы ұсыныстың болғанын еске салды.

"Бізде бұрын лицензиялау болған. 10 жылдай бұрын одан бас тартқанбыз, сол кезде балабақшалардың санын көбейтуге тырыстық. Қазір ол міндет орындалды. Енді лицензиялауды қайтару қажет. Шетелдік тәжірибеге қарасақ, көп елде лицензия беру тәртібі бар. Одан қорқудың қажеті жоқ. Бізде жекеменшік балабақшалар үшін лицензиялау тәжірибесі бар. Соңғы бірнеше жылдың ішінде олардың саны артты. Ол жерде қатал бір талап жоқ. Негізгі міндет – балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі", - деп атап көрсетті министр.
Жақын арада министрлік балабақшаларды лицензиялау туралы заң жобасын таныстырады. Депутаттар қолдаса, құжат қабылданады.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде қазақстандықтар күнде балабақшалардың жұмысына шағымданады. Сондықтан лицензиялау тәртібін қайта енгізу керек болып отыр.