Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы кейінге қалды

0
354

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты алғашқы сот отырысы кейін өтетін болды.


Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы кейінге қалды

ERNUR.KZ. Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы кейінге қалды, деп жазады ҚазАқпарат.

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты алғашқы сот отырысы кейін өтетін болды.

«Судьяның өзге қылмыстық іс бойынша кеңесу бөлмесіне кетуіне байланысты Бақытгүл Хаменоваға қатысты істі қарау кейінге шегерілді», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметі.

Бақытгүл Хаменованың ісі Атырау қаласының №2 сотында қаралады.

Биылғы 26 мамырда Атырау қаласының №2 сотына ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке, ҚР Қылмыстық кодесінің 367-бабының 2-бөлігімен «Б» ЖШС-нің директорына қатысты қылмыстық іс түскен.

«Осыған байланысты басты сот отырысын өткізу жөнінде шешім қабылданды. Басты сот отырысын 2022 жылғы 14 маусымда сағат 14:45-те өткізу тағайындалды», -деп мәлім еткен еді облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова былтырғы желтоқсанда қамауға алынған.

Онымен бірге мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев пара алу күдігіне ілінген.

Күдіктілерге Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге сомасында пара алу күдігімен қылмыстық іс қозғалды.

Кейін ол тергеу изоляторына қамалды. Атырау облысы әкімінің орынбасарына қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігімен тергелді.

Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқаруға 2020 жылғы 13 наурызда тағайындалған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы 14 маусымда қаралатынын жазған болатынбыз.