Атырау облысында жоғалған жігітті тікұшақпен іздей бастады

0
456

24 жастағы жігіт 20 қарашада таңғы сағат 05:00-де үйіне шығып кеткен.


Атырау облысында жоғалған жігітті тікұшақпен іздей бастады

ERNUR.KZ. Атырау облысында 10 күн бұрын із-түзсіз жоғалған 24 жастағы жігіт әлі табылған жоқ. Бүгін оны іздеуге тікұшақ тартылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, 24 жастағы жігіт 20 қарашада таңғы сағат 05:00-де үйіне шығып кеткен. Содан бері одан еш хабар болмаған.

Із-түзсіз жоғалған жігіт – Қызылқоға ауданындағы Жамбыл ауылдық округіне қарайтын Қаракөл ауылының тұрғыны. 1998 жылы туған жігітті іздеуге алғашқы күні Төтенше жағдайлар департаменті мен Қызылқоға аудандық полиция бөлімінен, жергілікті атқарушы орган мен туыстарынан 37 адам қатысты. Таңда үйінен шығып, кері оралмаған 24 жастағы жігітті іздеу төрт күн қатарынан жүргізіліп, кейін тоқтатылған.

«Жоғалған жігітті іздеу жұмыстары төтенше жағдайлар департаментінің және туыстарының қатысуымен қайта жалғасып жатыр. Бүгін, 30 қарашада жергілікті уақытпен сағат 09:52-де хабар-ошарсыз кеткен жігітті іздеуге «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның «Еврокоптер» тікұшағы тартылды. Тікұшақ бортында 7 адам бар», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 24 жастағы жігітті үш күннен бері іздеп жатқанын жазған болатынбыз.