"Әскери баспана" бағдарламасы бойынша іріктеуден өткендердің тізімі жарияланды

0
544

"Әскери баспана" қатысушыларына тұрғын үй сатып алуға бір жыл уақыт беріледі. Биылғы жылдан бастап бағдарлама шарттары бойынша, тек жаңа тұрғын үй сатып алуға болады.


Бүгін "Отбасы банк" "Әскери баспана" бағдарламасына қатысушыларды іріктеу бойынша қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Тұрғын үй төлемдерін алушылар өз мәртебесін Baspana Market (otbasybank.kz) жылжымайтын мүлік порталында көре алады.

Негізгі тізімге 1380 адам, резервтік тізімге 276 адам енген. Егер негізгі тізімдегі үміткер бағдарламаға қатыса алмаса, оның орнын резервтік тізімдегі үміткер алады.

"Әскери баспана" бағдарламасы қатысушыларының пулына арнайы салымдарына тұрақты түрде қаражат жинап жүрген тұрғын үй төлемдерін алушылар енген.

Негізгі тізімге енгендер 2022 жылдың 10 қазанынан бастап несиеге өтініш бере алады. Маңызды артықшылығы – енді бағдарламаға қатысушыларға баспана іздеуге, оны бағалатуға және несиеге өтінім беруге тура бір жыл уақыт беріледі. Яғни, 2023 жылдың 9 қазанына дейін тұрғын үй төлемдерін алушылар асықпай, байыппен өздеріне ыңғайлы елді мекеннен жайлы баспана таңдап, оны қолжетімді шарттармен несиеге сатып ала алады.

Биылғы жылдан бастап "Әскери баспана" бағдарламасының шарттары бойынша, тек жаңа тұрғын үй сатып алуға болады. Бұл пайдалануға берілген тұрғын үй немесе Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар салынып жатқан тұрғын үйден таңдалған пәтер болуы мүмкін.

Бағдарлама бойынша несие алу шарттары өзгерген жоқ. Ең төменгі қажетті жинақ сомасы 15%-ға тең. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 8% (ЖТСМ 8,3%-дан бастап). Несие мерзімі – 25 жылға дейін. Несиенің ең жоғарғы мөлшері – 50 млн теңгеге дейін.

Тұрғын үй төлемдерін алушыларға несие рәсімдеу үшін жұмысынан қол үзіп, банк бөлімшесіне барудың қажеті жоқ. Қатысушылар несиеге өтінішті онлайн, консьерж-ипотека қызметі арқылы жолдай алады. Ол үшін otbasybank.kz сайтына кіріп, "бейне қоңырау" батырмасын басу қажет. Бейнебайланыс операторы өтінішті қабылдап, оны ипотека алуға дейін жеткізеді.