Алматыда ЖРВИ жұқтырғандар саны күрт өсті

0
557

Бір аптада 10 мыңнан астам жағдай тіркелді.


Алматыда ЖРВИ жұқтырғандар саны күрт өсті

ERNUR.KZ. Алматыда жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар саны күрт өсті, деп жазады kazinform.

Бір аптада 10 мыңнан астам жағдай тіркелді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мегаполистің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

Оның айтуынша, қалада ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі жыл сайын байқалады. Өткен аптада Алматы дәрігерлері 10 316 жағдайды тіркеді.

«Өткен жылмен салыстырғанда, қазір ЖРВИ-мен ауыратындар үш есе көп. Сонымен қатар, бұл көрсеткіш апта сайын өсіп отыр. Науқастардың 62%-ы балалар. Медициналық мекемелерге барлығы 526 науқас жатқызылды, оның ішінде 17 жүкті және бір жасқа дейінгі 165 бала бар», - деді Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар, ол ЖРВИ өз кезегінде адамдарды коронавирусқа осал ететінін атап өтті.

«Сондықтан қала тұрғындары санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларына жауапкершілікпен қарауы керек. Тұмауға және коронавирусқа қарсы вакцинация өте маңызды. Алматыда тұмау жұқтырған 5 жағдай тіркелді. А H3N2 штаммы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы мен емханаларда анықталды», - дейді спикер. Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық департаменті басшысының айтуынша, жыл басынан бері маусымдық коронавируспен қатар риновирус, 2 типті парагрипп, бокавирус, риносинтициалдық вирус (РС-вирус) және аденовирус – барлығы 28 факті анықталды. Тұмаудың асқынуынан және басқа маусымдық аурулардан сақтану үшін вакцинациядан өткен дұрыс. Әсіресе, қауіп санатындағыларға вакцинация жасау өте маңызды. «Тұмауға қарсы вакцинацияны бюджет есебінен жүргізуге болады. Тегін екпелерді медицина қызметкерлері, медициналық бақылауға жататын балалар, жиі ауыратын 6 айдан асқан балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары, жүктіліктің 2-ші немесе 3-ші триместріндегі жүкті әйелдер, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштері бар адамдар ала алады», - деп атап өтті Жандарбек Бекшин.

Айта кетерлігі, биыл қауіп тобындағы адамдарды вакцинациялау үшін 130 000 доза көлемінде ресейлік өндірістің «Гриппол Плюс» тұмауға қарсы үшвалентті вакцинасы сатып алынды.

«Қазіргі уақытта Алматыда тұмаудан 113 555 қала тұрғыны егілді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 15 907, жүкті әйелдер – 5479, жұмыс берушілер есебінен 1835 адам, ақылы негізде өз қаржысымен – 2782 адам егілді»,-деді ол.

Брифинг барысында Жандарбек Бекшин дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдағы күзгі-қысқы маусымға арналған болжамын айтты. « Солтүстік жарты шарда вирустың төрт штаммы өзекті болады – A/Guangdong - Maonan/SWL1536/2019 (H1N1) pdm09, a/Hong Kong/2671/2019 (H3N2), B/Washington/02/2019 (B/Victoria lineage), B/Phuket/3073/2013 (B/Yamagata lineage), олар ДДСҰ ұсынысы бойынша тұмауға қарсы вакцина құрамына енгізілді», - деді ол.

Мегаполистің бас санитарлық дәрігері тұрғындарға профилактикалық шараларды еске салды, маска тағуды, оксолин майын қолдануды, науқастармен байланыспауды, ауырған жағдайда үйде болуды ұсынды. Өз бетінше емес, тек дәрігердің нұсқауы бойынша емделу қажет екенін атап өтті.