Алматыда танымал актер Фархат Әбдірайымовты еске алу кеші өтті

0
1 665

Шара барысында атақты актердің туған-туыстары, жақын достары мен әріптестері жылы естеліктерімен бөлісті.


Алматыда танымал актер Фархат Әбдірайымовты еске алу кеші өтті

ERNUR.KZ. Алматыда белгілі кино актері Фархат Әбдірайымовтың туған күніне орай еске алу кеші өтті, деп жазады inform.kz.

Тірі болса 21 қаңтарда 57 жасқа толар еді.

Шара барысында атақты актердің туған-туыстары, жақын достары мен әріптестері жылы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, көрермендерге «Досым» (2023) деректі фильмі мен 1999 жылы экранға шыққан «Фара» көркем фильмі көрсетілді.

«Біз бірге өстік, әкелеріміз жақсы дос болды. Бірақ, менің әкем өмірден әлдеқайда ертерек кетті, Фархат екеуміздің жасымызда айтарлықтай ерекшелік жоқ болса да, ол әкемнің орнын басты, үнемі жанымда болды, ерекше көңіл бөлді, көмектесті. Оның менің өмірімдегі маңызды адам болғанын енді ғана түсіне бастадым. Фархат өзі білетіндердің барлығына дерлік көмектесетін, мейірімді адам болатын. Біз оны қатты сағындық. Мен оның қайтыс болғаны туралы хабарды өте ауыр қабылдадым, бұл мен үшін ауыр соққы болды. Әлі де бір жерде түсірілімде жүрген сияқты», - дейді Фархат Әбдірайымовтың жақын досы, продюсер Арман Әсенов.
Сонымен қатар, ол актердің арманы туралы айтты.
«Ол «Фара» фильмінің жалғасын түсіргісі келетін, жалпы соңғы жылдары өзі фильм түсіруді жоспарлаған еді. Ол өте білімді болды. Сөзжұмбақтарды кітап оқығандай жылдам шешетін. Ол сондай-ақ, барлығына көп оқуға кеңес беретін, балаларды жақсы көрді», - деп еске алады актердің досы.
Кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сергей Әзімов те жылы естеліктерімен бөлісті.
«Фараның бір керемет қасиеті болды. Ол жай ғана ақкөңіл, қарапайым адам болған жоқ, ол әрқашан жақсылық жасауды ту еткен азамат еді. Біз онымен жақсы, шынайы қарым-қатынаста болдық. Үнемі телефон соғып, мереке кездері құттықтап, қал-жағдайымды сұрайтын. Ол өз ісінің кәсіби маманы еді, халқы оны қатты жақсы көрді, ешқашан ұмытпайды», - деді ол.
Актердің көптеген әріптестері мен туыстары да Фархат Әбдірайымовтың бойындағы ерекше қасиеттерін атап өтті. Ағасы Зәкір Тоқтаев барша қонақтарға жылы лебіздері үшін алғыс білдірді.
«Біз оны мәңгі есте сақтаймыз. Оның күлкісін, әзіл-қалжыңын, балаларға деген көзқарасын қасында болған адамдар ешқашан ұмытпайды. Ол барлық балаларды қатты жақсы көретін. Фараға деген ыстық ықыластарыңыз үшін барлығыңызға рахмет. Жаны, жүрегі кең, таза пейілді азамат еді», - деді ағасы.
Еске салайық, танымал актер Фархат Әбдірайымов 2021 жылдың мамырында Грузияда түсірілім барысында қайтыс болды.
Фархат Әбдірайымов 1966 жылы 21 қаңтарда Алматы қаласында туған. Алматы технологиялық университетін инженер-технолог мамандығы бойынша бітірген. 1994 жылдан Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» актері болған еді. «Шанхай», «Ақсуат», «Омпа», «Махаббат тәлкегі», «Сиқыршы демеуші», «Жел адам», «Француз құрбақасынан әзірленген борщ», «Шекара», «Жан жүрегім – Астана», «Параллель әлем», «Гейзер», «Үш лимон», «Батыр», «Ең сұлу» сынды фильмдерге түскен.