Алматыда дәрігер Шумковты өлтірді деген күдікті сот отырысына неге келмегені айтылды

0
594

Сот сотталушыға қатысты бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі деп ұйғарды.


Алматыда дәрігер Шумковты өлтірді деген күдікті сот отырысына неге келмегені айтылды

ERNUR.KZ. Алматыда гастроэнтеролог Юрий Шумковтың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы басталды, деп жазады tengrinews.kz.

Істі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Еркін Майшинов қарап жатыр.

Сотталушы сотқа жатқан күйінде қатысқан. Сот отырысы хатшысының айтуынша, "денсаулығына байланысты". Ол процеске тергеу изоляторынан онлайн-режимде қатысады.

Зардап шеккен тараптың адвокаттары соттан істі оффлайн-режимде қарауды сұрады. Алайда сотталушының қорғаушысы денсаулығына байланысты айыпталушының оффлайн-режимдегі сот отырысына қатысуы қиын екенін айтқан. Айыпталушының айтуынша, "бір күні жағдайы жақсы, бір күні ауру мазалайды.

"Сотталушы отыра алмайды, тіпті жүре алмайды. Біз бұл мәселені қорғалушымен талқыладық. Егер сотталушы орналасқан мекеме оның сот залына келуін қамтамасыз ете алса, онда қарсы емеспіз", - деді сотталушының адвокаты.

Сот сотталушыға қатысты бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі деп ұйғарды. №72 мекемеге оның сот залына келуін қамтамасыз ету сұралады, оған дейін ол онлайн түрде қатысады.

Қарау барысында сотталушы өз кінәсін ішінара мойындайтынын, "айыптың кейбір мәліметімен келіспейтінін" айтты.

"Менің қорғауымдағы адам өз кінәсін ішінара мойындап отыр. Бірақ ол кейбір мәліметпен келіспейді. Бұл туралы ол айғақ беру барысында айтады", - деді сотталушының адвокаты.

Еске салайық, қылмыс 4 сәуірде таңертең Бостандық ауданында болғаны хабарланған еді. Ақпарат "102" пультіне сағат 8:59-да түскен.

Гастроэнтерология институтында жұмыс істеген белгілі гастроэнтеролог Юрий Шумковқа аңшы мылтығынан оқ атылғаны белгілі болды. Бұл ақпаратты Алматы полициясы растаған болатын.

Шумковтың әріптестерінің айтуынша, күдікті емхана есігі алдында жәбірленушінің басына оқ атқан.