Алматы облысында фильм түсіру үшін тұтас ауыл салынды

0
380

"Қара қыз" әскери драмасы үшін соғыс кезіндегі теміржол вокзалы, клуб, мектеп, пошта, диірмен, тұрғын үйлер, барлығы 15 нысан жаңадан тұрғызылды.


Алматы облысында фильм түсіру үшін тұтас ауыл салынды

ERNUR.KZ. Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданында соғыс кезіндегі атмосфераны толығымен жеткізу үшін жаңадан бір ауыл салынды, деп жазады sputnik.kz.

"Қара қыз" әскери драмасы үшін соғыс кезіндегі теміржол вокзалы, клуб, мектеп, пошта, диірмен, тұрғын үйлер, барлығы 15 нысан жаңадан тұрғызылды.

"Бұның бәрін салу үшін бір жарым айдай уақыт кетті. Қиын жағдайда жасалынды, айналада ештеңе жоқ, он адам жұмыс істедік. Барлығы архивтік өткен ғасырдың 30-40 жылдарындағы құжаттардың негізінде жасалды", - дейді картинаның қоюшы-суретшісі Еркен Сүлейменов.

Оның айтуынша, бұған дейін ондай нысандар фильмді түсіргеннен кейін бұзылатын. Осы жолы суретші декорацияны қалдырғысы келеді.

"Мен бұл салада ұзақ уақыт жұмыс істедім, түсірілімнен кейін біз әдетте декорацияны бұзамыз. Ондай кезде ішің күйеді. Бұл менің әкемнің жері, мен бұл ауылды қалдырғым келеді, әрине, келешекте кинорежиссерлерге көмектесу үшін. Әсіресе жас студенттерге, олардың дипломдық жұмыстары үшін керемет болар еді", - деп атап өтті Сүлейменов.

"Қара қыз" – Ұлы Отан соғысы кезіндегі адамдардың өмірін баяндайтын әскери драма. Басты рөлдерді жас актерлер Нұрай Сақтапова мен Ерлан Құлмұрзин сомдайды.
"Менің кейіпкерімнің аты – Асқарбек, қарапайым ауыл жігіті, соғыс жылдарында оны майданға шақырады, онда ол батылдықпен күреседі. Фильмде ауыр сахналар көп, көрермендердің қызығушылығын бәсеңдетіп алмау үшін барлық құпияны ашпай-ақ қояйын", — дейді Ерлан Құлмұрзин.
Сондай-ақ фильмде Дулыға Ақмолда, Медғат Өмірәлиев сынды танымал актерлер бар. Картинаның негізгі түсірілімі осы жылдың 23 қыркүйегі мен 14 қазаны аралығында Солтүстік Қазақстан облысының аумағында, Қызылжар қаласының маңында өтті.
Картинаның тұсаукесері келесі жылдың көктеміне жоспарланған.