Алматы марафонында қаза тапқан азамат "Самұрық Энерго" компаниясының топ-менеджері болып шықты

0
364

10 шақырым қашықтыққа жүгірген 47 жастағы спортшы Рүстем Садықов мәре сызығын кескен сәтте көз жұмған.


Алматы марафонында қаза тапқан азамат

ERNUR.KZ. Алматыда өткен марафонда қаза тапқан азамат "Самұрық Энерго" директорлар кеңесінің мүшесі екені белгілі болды. Бұл жөнінде компанияның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады stan.kz.

10 шақырым қашықтыққа жүгірген 47 жастағы спортшы Рүстем Садықов мәре сызығын кескен сәтте көз жұмған.

"Біз бірден көмек көрсетуді бастадық. Алғашқы көмекті Қызыл жарты ай қоғамының еріктілері көрсетті, одан кейін қалалық жедел жәрдем стансасының қызметкерлері жүрек-өкпе реанимациясын жасады. Алғашында жүрек соғысын қалпына келтірдік, синусты ырғақ пайда болды, алайда 2 минуттан кейін жүрек қайта тоқтап қалды. Жансақтау әрекеттері 30 минутқа дейін созылды, оның соңғы 10 минуты жедел жәрдем көлігінің ішінде өтті. Ал 10:15-те біз өлімді тіркедік. Өлімнің ресми себебін сот-медициналық сараптамадан кейін ғана айтуға болады", - деді жарыстың бас дәрігері Оразбек Сахов.

Марқұмның жақындарының сөзінше, ол сәуір айында Алматы жартылай марафонында, 2021 жылы Алматы марафонында 10 шақырым қашықтыққа жүгірген.

Кейіннен Рүстем Садықовтың тәуелсіз директор, "Самұрық-Энерго" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болғаны белгілі болды.

"Рүстем Ғалымұлы Садықовтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты Компания басшылығы мен "Самұрық-Энерго" АҚ ұжымы марқұмның отбасына, туған-туыстары мен жақындарына орны толмас ауыр қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады", - делінген компанияның мәлімдемесінде.

Еске салайық, 25 қыркүйек күні "Алматы марафонының" 47 жастағы қатысушысы мәре сызығын кесіп өткеннен кейін көз жұмғаны белгілі болған. Ер адамға алғашқы көмек көрсетілген, алайда аман алып қалу мүмкін болмаған.