Ақтөбенің тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланды

0
490

Табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шараларды аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың өзі басқарады.


Ақтөбенің тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланды

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысы Ойыл ауданында жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланды, деп жазады ҚазАқпарат.

Ойыл ауданы әкімдігінің сайтында 20 наурыздан бастап жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланғаны туралы жазылған. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шараларды аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың өзі басқарады. Ал, облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауданда 11 үйді су басқан.

«Су тасқынында 11 үйге су кірді. Оның үшеуі – бос тұрған үй. 2 үйдің дәлізіне зақым келген. 12 аула аумағын (сарай, қора) су шайды. Адам өлімі, мал шығыны жоқ», - деп хабарлады облыс әкімі баспасөз қызметі.

Еске салсақ, 17 наурыз күні Ойыл ауданында 100-ден астам адам эвакуацияланды. Дәл сол күні Қалатал ауылында бөгет бұзылып, ауылға су кірді. Оқиға орнына облыс әкімі Е. Тоғжанов пен облыстық ТЖД бастығы М. Аманбаев барды. Өңірге Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин келіп, Ойыл ауданындағы жағдай күрделі екенін хабарлады. Еріген қар суын жедел өткізу үшін инженерлік, құрылыс тосқауылдарын бұзуға шешім қабылданған.

Айта кетейік, бұған дейін облыстағы Қобда ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Мұнда 70-тен астам үйге су кірді. Қазіргі кезде 24 үйдің құрылысы басталды. Шығын әлі есептеліп жатыр.