​66 млн теңгенің медпункттері қызмет етпестен жабылып қалған

0
1 222

66 млн теңгеге салынған Маңғыстау облысының үш бірдей ауылындағы медициналық пункт жабылып қалған.


​66 млн теңгенің медпункттері қызмет етпестен жабылып қалған

2007 жылы қолданысқа берілген ғимараттардың игілігін ауылдағы ағайын мүлде көрмеген. Өйткені, медпунктттердің ашылуынан жабылуы тез болыпты. Ал, қазір олардың тоз-тозы шығып, әбден бүлініп, тіпті қирап қалуға шақ тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Жарма ауылында 100 шақты тұрғын бар. Осындағы медпункттің бүгінгі жағдайы өте аянышты күйге түскен. Ғимарат қарауылсыз, қараусыз қалған. Едені опырылып, қабырғасы қақырап, есіктері қирап жатыр. Ал, оның құрылысына 2007 жылы жергілікті қазынадан 22 млн теңге жұмсалыпты.

Сазды және Қияқты елді мекендерінде де дәл осыған ұқсас жағдай. Ол жердегі ғимараттар да жабылып, тынды. Бұл күнде ауыл жұрты емделу үшін 90 шақырым қашықтықта жатқан аудан орталығына баруға мәжбүр. Алысқа қатынау әсіресе, қарт кісілер мен жүкті келіншектерге қиын.

"Амбулатория қолданысқа берілгелі оншақты жыл болды, тіпті одан да көп жыл. Бірақ, біз оның бәлендей игілігін көріп отырғанымыз жоқ. Ол постоянно жабық тұрады. Оның ішінде құрал-сайманы, дәрі-дәрмегі, егетін уколдары болмағасын оның ішінде медсетрада тұрақты отыра алмайды. Үлкен кісілерге, кішкентай балаларға ,аяғы ауыр келіншектерге одан болып жатқан көмек жоқ. Олардың барлығы да селкілдеп, алысқа қара жолменен дәрігерге кетеді", - дейді Жарма ауылының тұрғыны Тиын Балмұрзаева.
Аудан атқамінерлері бұл мәселеге қанық . Бірақ, қолдан келер қайран жоқ деп қол қусырып отыр . Өйткені шалғай ауылдарға жас мамандар бармайды. Ал жергілікті қазынаның 66 миллион теңгесіне салынған үш бірдей медпункттің жабылуын халық санының аздығымен және мамандардың тапшылығымен байланыстырады. Кейін бұл нысандарды шағын бала-бақша ретінде пайдалануға бермекші болыпты. Алайда, ол ойлары да жүзеге аспаған.
"Ондай мәселе бізде Саздыда да бар, Жармада , Қияқты деген жерде бар. Осындай мәселе бар. Үшеуі де қаңырап бос тұр. 2007 де салынған кезінде. Республикадан ақша бөлінген толықтай барлық ауылдарға. Ол, кезде халық санын қалай есептеді ол туралы мен білмеймін. Ол кезде мен болған жоқпын. Бергі жақтағы ауылдарда өсім болмай қалды. Халық қалаға көшіп басталды. Өспегеннен кейін перспектива болған жоқ", - дейді Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Талғат Қыланов.
Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасындағыдар медпункттерді ұстап тұру үшін жанжақтан маман тартпақ болыпты, бірақ одан да түк шықпаған.
"Ол жерде кінәлі тұлғаны іздеу қисынсыз сияқты. Денсаулық сақтау басқармасының бұл жерде еш қатысы жоқ. Біз маман тауып беруге барынша ықпал еттік. Бірақ халық көшіп кеткеніне байланысты көшіп кетіп жатты. .......Медпунктерді сонымен жабылуын байланыстырып отырмыз", - дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Нұрбол Окуов.
Енді аудан әкімдігі үш бірдей ауылдағы қаңырап қалған бос ғимараттарды сенімгерлік жолмен кәсіпкерлерге жалға бермекші. Алайда, оған әзірге еш сұраныс жоқ көрінеді.