1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық зорлық құрбаны арыз түсірмесе де, іс қозғайды

0
400

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, полиция қызметкері өтінішсіз «үй тирандарын» жауапқа тарта алмайды.


1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық зорлық құрбаны арыз түсірмесе де, іс қозғайды

ERNUR.KZ. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева айтты, деп жазады zakon.kz.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, полиция қызметкері өтінішсіз «үй тирандарын» жауапқа тарта алмайды. Сүйтіп «агрессорлардың» тек 17%-ы ғана жазаланды. Сондықтан статистика бойынша бұрын болған тұрмыстық жанжалдардың 12%-ы қайталанады.

"Құқықтық қолдану практикасын және зерттелген халықаралық тәжірибені ескере отырып, біз елдің қылмыстық және әкімшілік кодекстеріне түзетулер әзірледік. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын орындау үшін жауапкершілік күшейтілді. Сонымен 1 шілдеден бастап Полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына ауыстырады. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішісіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді, яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша", - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.

Хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіш жазбалары жеткілікті болады. Соңғы шешімді сот қабылдайды. Тараптарды қайта татуластыру мүмкіндігі алынып тасталады.

"Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы материалдардың жартысы татуласуға байланысты сотта тоқтатылады. Бұндай жағдайлар көбіне агрессордың сонымен қатар оның туыстарының сендіруі немесе қысымымен орын алады. Мысалы, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 5 мың фактісі осы негіздер бойынша тоқтатылды. Енді 1 шілдеден бастап сотта бір рет қана татуласуға мүмкін болады. Бұл психологиялық қысымнан туындайтын зардап шеккендерге қатысты қатал әрекеттерді тоқтатуға мүмкіндік береді", - деді Ақмарал Серікбаева.

Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейді. Әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері анықталды. 19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекстің денсаулыққа ауыр және ауырлығы орташа зиян келтіру қылмысын жасауға байланысты жекелеген баптарға біліктілік белгісін енгізілді. Бұл белгі «Кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» деп танылады (ҚК 106-бабы, ҚК 107-бабы).

Бұл қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу санкциясын қолдануға, сонымен қатар жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді (ҚК 106-бабының 1-бөлігінің санкциясы 3 жылдан 8 жылға дейін, 106-бабының 2 - бөлігі бойынша 6 жылдан 10 жылға дейін ҚК 107-бабының 1-бөлігінің санкциясы 2 жылға дейін, 2-бөлігі 3 жылға дейін).

Сонымен қатар, Әділет министрлігімен бірлесіп қоғамдық жұмыстарды қолдану мәселелері пысықталып жатыр. Тұрмыстық зорлық зомбылық жасаған «агрессорларды» тұрғын үйінен заңмен шығару мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Көбіне балалары бар жәбірленушілер жанжалдан оқшаулану үшін үйінен кетуге мәжбүр. Мұнда бізге мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың дағдарыс орталықтары көмекке келеді. «150» қысқа нөмірлі ұлттық жедел желі де құрылды.

"Кез келген азамат тегін, жасырын түрде консультациялық көмек ала алады. Еліміз бойынша дағдарыс орталықтарының орналасқан жерін біле алады. тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдар дағдарыс орталықтарында уақытша паналай алады, сондай-ақ ол жерде оларға медициналық, әлеуметтік-құқықтық және басқа да көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, Ақпарат және қоғамдық даму, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесіп «агрессорларды» психологиялық түзету мәселесі пысықталуда. Ерікті негізде оларға агрессияны тежеу бойынша тренингтерден өту ұсынылады", - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы.