Жыл сайын 74 миллион тонна құрылғы ҚОҚЫСҚА ТАСТАЛАДЫ

0
2 138

Бүгінгі таңда әлем бойынша электронды қалдықтардың тек 17 пайыздан астамы ғана дұрыс өңделіп жатыр.


Жыл сайын 74 миллион тонна құрылғы ҚОҚЫСҚА ТАСТАЛАДЫ

иллюстрациялыққ фото: ашық дереккөзден

2022 жылы бүкіл әлем бойынша қоқыс полигондарына барлығы 5,3 млрд. ұялы телефон тасталыпты. Бұл туралы халықаралық электроника және электр құралдары қалдықтары форумының қатысушылары мәлімдеген. «WEEE» деп аталатын форумның жаһандық сату статистикасына негізделген мұндай болжам қоршаған орта үшін үлкен проблема болып отырған көрінеді.


Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, әлем халқының көпшілігі ескі телефондарды қайта өңдеуге тапсырмай, өзінде сақтайды екен. Ал, іс жүзінде ескі құрылғылардағы құнды металдар, мысалы, аккумулятордағы кобальт пен электр сымдарындағы мыс жаңа телефондарды жасау үшін қайтадан өндірілуі керек.


Бұл туралы WEEE ұйымының бас директоры Паскаль Леруа: «Көптеген адам бұл кішкентай заттардың әрқайсысының лайықты құндылығы бар деп ойламайды. Олар шағын болғанымен, біріккен кезде үлкен көлемді құрайды» - деп пікір білдіріпті.

Жалпы, бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша шамамен барлығы 16 млрд. ұялы телефон бар екен. Соның ішінде, Еуропада әрбір үшінші құрылғы ұзақ уақыт бойы қолданылмай, шаң басып тұр деген дерек бар.


WEEE болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай қоқыс полигондарына жыл сайын шамамен 74 миллион тонна электроника мен электротехника тасталатын болады. Олардың арасында кір жуғыш машиналар мен тостер пештерінен планшет, компьютер мен жаһандық позициялау жүйесі құрылғыларына дейін бар.


Осы тақырып бойынша тағы бір елең еткізерлік жаңалық бар. Атап өтсек, 2023 жылдың көктемінде RSC – британдық химиктердің кәсіби қауымдастығы жаңа гаджеттерді шығаруға қажетті электронды қалдықтарды жинау бойынша ұлттық науқан жариялаған.


Мамандардың сөзіне сүйенсек, қолданылмайтын құрылғылар шикізаттың маңызды көзі болып саналады. Яғни, ескі құрылғыларды қайта өңдеуден кейін жаңа гаджеттер немесе ауыр электр жабдықтарын (мысалы, жел электр генераторларын, электромобиль батареяларын немесе күн батареяларын) өндіру үшін қайта пайдалануға болады. Басқаша айтқанда, ескі құрылғыларды қайта өңдеу – қазба байлықтарын өндіру мен ауаға шығарылатын улы газдардың көлемін азайтып, жасыл энергетикаға көшуге қажетті процесс.

Бүгінгі таңда әлем бойынша электронды қалдықтардың тек 17 пайыздан астамы ғана дұрыс өңделіп жатыр екен. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық телекоммуникация одағы бұл көрсеткіш келесі жылы 30 пайызға жетеді деп үміттеніп отыр. Ұйым: «Электронды қоқыс – адам денсаулығына да, қоршаған орта жағдайына да зиянын тигізетін, қайта өңдеу тұрғысынан ең жылдам көбейіп келе жатқан және ең күрделі қалдықтар ағыны. Өйткені олардың құрамында зиянды заттар өте көп» - деп атап көрсеткен.


Material focus ұйымы жүргізген сауалнамаларға сәйкес, тек британдықтардың өзі үйлерінде жалпы құны шамамен 6,2 миллиард доллардан асатын жұмыс істеп тұрған, бірақ пайдаланылмайтын электр құрылғыларын үйлерінде ұстап отырған көрінеді. Сондай-ақ, осы қажетсіз техниканың барлығын сату арқылы британдық отбасылар орташа есеппен шамамен 112 000 теңгеге жуық пайда таба алады.


WEEE ұйымының басшылары бұл бағыттағы жоспарды жүзеге асыру үшін не істеу керек екенін де ұсынған екен. Олардың айтуынша, жаңа құрылғы сатып алған адамға тапсырысын жеткізген кезде ескі немесе сынған құрылғыларын қайта өңдеуге өткізуді насхаттау қажет.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:

Бұл жаңа «ТОНАЛКА» – барлық ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТІҢ АРМАНЫ

КӨЛІКТЕРГЕ жанармай мен газ құюдың ҚАЖЕТІ БОЛМАЙДЫ