​Түніңіз тыныш болмай жүрсе, ОСЫ ҚҰРАЛдар көмектеседі

0
2 335


​Түніңіз тыныш болмай жүрсе, ОСЫ ҚҰРАЛдар көмектеседі

Ұйқының сапалы болуы маңызды. Жайлы да тыныш ұйқы ойды тынықтырып, бойға қуат береді. Келер күннің өнімді болуы да осыған байланысты. Сондықтан әр түні жақсы ұйқының жағдайын жасау артық болмайды.

Қандай да бір себеппен ұйқыңыз бұзылып жүр ме? Ендеше, сізге мына жабдықтардың бірі жәрдем беруі мүмкін.


Ақылды төсеніш туралы білесіз бе?


Күні бойы сергек жүрудің кепілі – жақсы ұйқы болса, жақсы ұйқыға бірінші керегі – жайлы төсек. Осыны ескерген өнертапқыштар таңда тынығып, сергек оянуға септігі үлкен ақылды матрас жасап шығарды. Төсеніш дұрыс ортопедиялық тіретен тұрады. Сонымен қатар матрас температурасын бақылайтын климатты бақылау, ұйқы мониторингін жасау, ақылды оятқыш тетіктері орнатылған. Климаттық бақылау тетігінің көмегімен төсеніштің екі бетінің де температурасын өзіңіз қалаған градусқа қоя аласыз. Ал, ұйқы мониторингін жасау тетігі ұйқы фазаларын басқарады, жүрек соғысы мен тыныс алу ритмін, ұйқы кезіндегі ағзалардың белсенділігі, жұмысы жайлы ақпараттарды анықтап, жазып алады. Ақылды оятқыш болса қажет кезінде төсеніште діріл ойнатып, ұяқыдан сергек тұруыңыз үшін оянар алдында матрас температурасын салқындата бастайды.


Қатты қорылдайсыз ба?


Қорылдау ұйқы кезінде үлкен кедергі келтіреді. Өзіңізге де, жақын маңдағы адамдарға да. сондықтан, оны болдырмаудың амалдарын жасаған артықтық етпейді. Бір амал – «Smart Nora» гаждеті.

Аталған құрылғы үрлемелі жастықша мен сезімтал микрофон орнатылған сорғыдан (насос) тұрады. Оны жұмыс істету үшін қосу-өшірудің қажеті жоқ. Құрылғы ұйықтап жатқан адамның қорылдай бастағанын өздігінен сезіп, басын жаймен әрі-бері қозғап тұрады. Сондай-ақ, сорғы жастыққа ауа үрлеп немесе тарту арқылы оның көлемін үлкейтіп немесе кішірейтеді. Осылайша қорылдауды тоқтатуға тырысады. Көп ретте гаджеттің бұл әрекеті сәтті шығады. Және ол өз міндетін аз уақыттың ішінде-ақ атқарады. Сондықтан, ұйқыдағы адам оны тіпті сезбей қалуы, ұйқысын алаңсыз жалғастыруы әбден мүмкін.


Жұмсақ құлаққап сондай жайлы


Әуен тыңдап жатып ұйқыға кеткенді жақсы көретіндер көп. Кейбіреулер тіпті ұйықтап жатқанда да құлақ түбінде жағымды әуен ойнап тұрғанын қалайды. Бірақ, осындайда құлаққаптың құлақты ауыртып, ыңғайсыздық туғызатыны бар.

Енді бұл мәселенің де шешімі табылды. Жоғарыда айтылған жайсыздықтан «AcousticSheep SleepPhones» аталатын жұмсақ құлаққап құтқарады. Ол түні бойы құлағыңызды ауыртпай, ұйқыңызды әдемі әуенмен әрлеп қана қоймай, көзге арналған бүркеме қызметін де атқара алады. Ұйықтап жатып сындырып аламын не бауы үзіліп кетеді деп те қорықпауға болады.


Жарықты оятқыш несімен жақсы?


Әуенді оятқышты бәріміз жақсы білеміз. Ал, ешқандай дыбыс шығармай-ақ, ұйқыдан жарықтың көмегімен тұрғызатын оятқышпен таныссыз ба?

Дәл қазіргі уақытта оятқыштың мұндай жаңа үлгісінің бірнеше түрін таба аласыз. Олардың бір-бірінен аздаған айырмасы, артықшылықтары болуы мүмкін. Бірақ, бәріне ортақ бір сипат бар. Ол – бөлмедегі жарық деңгейін басқара алатындығы. Кеш түсе қаракөлеңке тартып, түнге қарай қою қараңғылық орнатады. Сондай-ақ, егер сізге күн ықпай, ерте тұру керек болса, оятқышқа белгілеген уақыт таяғанда қайта жарық бола бастайды. Тура күн шыққандағыдай бөлмені бірте-бірте сәулеге толтыру арқылы ағзаны оянуға дайындайды.

Егер ұйқыңыздың сапасы тым нашар болса, ұйқысыздық дертке айналып кетсе, әлбетте, оны гаджет көмегімен шеше қоюыңыз екіталай. Сондықтан, бұл жағдайда дәрігерге жүгінуге кеңес береміз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Бау-бақша үшін ТАПТЫРМАЙТЫН құралдар