​Тоқ көзінде қалған ТЕЛЕФОННАН ӨРТ ШЫҚСА не істеу керек?

0
7 386

Түні бойы телефонды қуаттауға қоясыз ба?


​Тоқ көзінде қалған ТЕЛЕФОННАН ӨРТ ШЫҚСА не істеу керек?

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде смартфондардың қызып кетуі, жарылуы, өртенгені жайлы жазбалар мен бейнежазбалар жиі жариялануда. Адам өміріне қауіп төндіретін мұндай жағдай көбіне ұялы телефон қуат көзіне жалғаулы тұрғанда орын алады екен. Бұл – негізгі мәселе құрылғының аккумуляторында екенін көрсетеді.

Статистика бойынша, литийлі батарея орнатылған құрылғылардың 10 миллионнан біреуінде осындай қауіп болады екен. Литийлі батареялар тез тұтанғыш химиялық қоспалардан тұрады. Басқа түрлеріне қарағанда кішірек және жеңілірек болып келетіндіктен, қазіргі сатылымдағы гаджеттердің бәрі дерлік осындай батареямен жабдықталған. Сондықтан, барлық жерде, барлық үйде болуы мүмкін деген сөз.


Ұялы телефонның қуаттау кезінде тұтануына негізгі себептер:

  • батарея ақауы салдарынан орын алған қысқа тұйықталу;
  • батареяның бүтіндігіне зақым келуі (соғып не құлатып алған жағдайда);
  • аккумулятордың шектен тыс қызып кетуі;
  • артық мөлшерде қабылданған қуат;
  • өндірістік ақау;
  • сапасыз не құрылғыға сәйкес келмейтін қуаттағыш қолдану.


ҚАУІПСІЗДІК ҮШІН

  • Ұялы телефонды қуаттауға қойғанда тікелей күн сәулесі түсетін немесе басқа да жылу жақсы бөлінетін жерде қалмауын қадағалаңыз.
  • Ұйқыға жатқанда телефонды басымызға қойып жату, тіптен, оны қуат көзіне жалғап қою әдетке айналған. Сақтықпен серік болғыңыз келсе, құрылғыны өзіңізден 30-50 см қашықтықта ұстаңыз.
  • Сондай-ақ, құрылғының батареясын ауыстыру қажет болса, аз шығынмен шығамын деп сапасызға соқтықпаңыз. Мүмкіндігінше сапалы әрі сенімді өнімді таңдаған жөн.
  • Тоққа жалғанып тұрғанда смартфонның не қуаттау құрылғысының қызғанын байқасаңыз, оларды дереу тоқтан ажыратыңыз.
  • Смартфонды қуаттау кезінде көрпе-жастық сияқты бұйымдардың астына жасырмаңыз. Бұл уақытта құрылғының корпусында ауа айналымының болуы маңызды. Сондықтан, ешбір саңылауын бітемеңіз.

ҚАУІПТІ БЕЛГІ БАЙҚАЛСА...

Ұялы телефон қол күйдіретіндей дәрежеде ысып кетсе, алғашқы қадам – дереу тоқ көзінен ажырату. Одан соң мынадай әрекеттерді жасау қажет:

  • Егер құрылғының батареясы бөлек алынатын болса, дереу артқы қақпағын ашып, батареяны алып тастаңыз. Егер алынбайтын түрімен жабдықталса, құрылғыны өшіруге асығыңыз.
  • Одан соң үйдегі қауіпсіз орынға қарай шығыңыз. Едені ағаштан төселген, жақын маңда жұмсақ жиһаз, электрлі, газбен жанатын құрылғылар, басқа да тез тұтанатын материалдар бар бөлмеден шығуға асығыңыз. Қауіп аздау болатын орындар – кіреберіс, жуынатын бөлме сияқты едені кафельденген орындар.
  • Смартфон түтіндеп, от шықса, тыныс алу кезінде оны жұтып қоймауға мән беріңіз. Тыныс жолдарын жабыңыз немесе демалмауға тырысыңыз.
  • Егер смартфонның корпусы майыса бастаса немесе түтін шыққаны байқалса, ендігі жерде оны жарамды қалыпқа қайта келтіру мүмкін емес. Барынша алшақ ұстап, алысқа лақтыру арқылы өзіңіз бен басқа бұйымдарыңызды сақтап қалуды ғана ойлаңыз.
  • Отты құрғақ химиялық немесе көмірқышқылды өртсөндіргішпен өшіру қажет. Бірақ, мұндай заттар әр үйден үнемі табыла бермейді. Мұндайда смартфонды металл кастрюльге салып, қақпағын жауып қоюға болады.


Есіңізде болсын! Жарықшақ шығып жатқан смартфонға шыны және керамикалық ыдысты жолатпаңыз!

  • Бұдан бөлек, ас содасы, құм, топырақ (көпқабатты үйде тұрсаңыз, гүл горшогындағы топырақ та жарайды) себу, қатты, қалың мата не жамылғымен орау да көмектесе алады.


Есте сақтаңыз! Түтіндеп не жалындап жатқан смартфонға су құюға мүлдем болмайды. Бұл жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Кофе-шайды ЫСТЫҚТАЙ ұсынатын «ақылды» гаджеттер


Инстаграмдағы ең ТАБЫСТЫ әрі СҰРАНЫСҚА ие 7 мамандық