ТЕЛЕФОН неге ҚЫЗЫП кете береді? Негізгі 6 себеп

0
7 436

Смартфоныңыз жиі қызып кететін болса, себебін біліп, ақауын жөндеңіз.


ТЕЛЕФОН неге ҚЫЗЫП кете береді? Негізгі 6 себеп

Ұялы телефонның қызып кетуі – қалыпты жағдай, егер ол жиі орын алмайтын болса. Ал, күнделікті немесе үнемі «қызулап тұратын» болса ше? Бұл – оның қандай да бір жұмысының қалыпты емес екенінің белгісі. Мәселен...


  • Экранда емес, фондық режимде жұмыс істеп тұрған қосымша

Сіз арнайы қосып, қолданып жатпасаңыз да, өз бетімен жұмыс істеп тұрған фондық қосымшалар болады. Олардың кейбірі «ауыр» әрі «ашқарақ» болуы әбден мүмкін. Осынысымен процессорды тез шаршатады. Не істеу керек?

Android бағдарламалық жүйесінде Cooling Master аталатын бағдарламаны жүктеп алыңыз. Ол смартфонның қызуына себеп болған қосымшаны анықтап, жадтан өшіріп тастайды.

iPhone үшін мұндай арнайы бағдарлама ойластырылмаған. Сондықтан, қолыңызда iPhone болса, оған жиі «қайта жүктеу» арқылы ғана көмектесе аласыз.


  • Аудиодыбыстарды жазу, жеке ақпараттарды алу секілді қосымшалар орнатылған

Ұялы телефонға әр қоңырау, сөйлескен әңгімелер жазып алатын немесе жеке ақпараттарды серверге жіберіп отыратын қосымшалар орнатылса да, смартфонның «қызуы көтеріледі». Бұл бағдарламаны өзіңіз орнатуыңыз мүмкін. Сондай-ақ, сіздің смартфоныңызды сырттай басқарғысы келетін жаман ниеттілердің әрекеті болуы да ықтимал. Егер тыңшы бағдарламадан басыңызды арашалағыңыз келсе, антивирусты көмекке шақырыңыз. Оның күші жетпесе, смартфонды зауыттық баптауға келтіріп, бағдарлама орнату, қажет қосымшаларды жүктеуді басынан бастаңыз.


  • Бір мезетте бірнеше қосымша жұмыс істеп тұр

Ғаламтордан пайдалы ақпарат оқып отырып, әлеуметтік желі есіңізге түсті де, сонда кіріп кеттіңіз. Арасында хабарлама келіп, WhatsApp-қа қарай аудыңыз. Басқалай қажеттілік туып, тағы бір қосымшаны аштыңыз. Осылайша, бірнеше қосымша ашық күйінде қалды. Олардың барлығы жедел жадта қалып, жұмысын жалғастыра береді. Бұл, әлбетте, процессор үшін айтарлықтай қиындық туғызады.


  • Ескі аккумулятор немесе сапасыз қуаттағыш

Бұл екеуі де смартфонның жиі қызып кетуіне себеп бола алады. Нақты қайсысынан екенін қызған орыннан білеміз. Аккумулятор смартфонның ортаңғы тұсында орналасқан. Сондықтан, ақау содан болса, орта жағы қызады. Ал, кінәрат қуаттағыштан болса, жалғанатын тұсы қызып тұрады. Екі жағдайдан да қызуға себеп болып тұрған бөлшекті ауыстыру арқылы құтыласыз.


  • Ұялы байланыс желісінің сигналды әлсіз ұстауы

Смартфонның қызуының тағы бір себебі осы. Мұндай жағдайда байланыс жақсырақ ұстайтын жерге бару не абонент ауыстырудан басқа амал жоқ.


  • Қосымшаларды жаңарту пакеттерін жүктеу

Ұялы телефонға жүктелген әрбір қосымша белгілі бір уақыт аралығында жаңартуды қажет етеді. Көп смартфонда бұл автоматты түрде жүзеге асады. Яғни, қосымшаларды жаңарту пакетінің жүктеліп жатқанынан құрылғы иесінің хабары болмауы да мүмкін. Сәйкесінше, ол процессор жұмысына қосымша жүк болып, қызуына себеп болады.

Қосымшаларды жаңартпаса тағы болмайтыны белгілі. Ең дұрыс жол – баптаулар бөлімінен автоматты жаңартуларды түнгі уақытта жасау пәрменін таңдау. Жаңартуларды ұялы телефон қолданылмай тұрған кезде жүктеу жылдам әрі жеңіл жүзеге асады.

Аударған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Өнертапқыштардың ЗАҒИП жандарға жасаған сыйы