Сымсыз қуаттағыштың ПАЙДАСЫ мен ЗИЯНЫ

0
3 909

Кез келген технологияның оң және кері әсері болады.


Сымсыз қуаттағыштың ПАЙДАСЫ мен ЗИЯНЫ

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Сымсыз қуаттағышты жиі қолдансаңыз смартфон батареясы тезірек істен шыға ма? Ол сұрақтың жауабын білу үшін аталған құрылғының жұмыс істеу жүйесін талқылап көрейік.


Көптеген заманауи гаджеттер QI әлемдік стандартына сәйкес келетін жүйелермен жабдықталады. Құрылғы арқылы қуат сымның екі жалпақ катушкасынан өтеді. Оның біріншісі қосылған қуат көзінде, ал екіншісі адаптердің өзінде орналасады. Қуаттау процесін бастау үшін тиісті функциямен жабдықталған смартфонды адаптердің бетіне қою жеткілікті. Содан кейін батарея автоматты түрде қуат ала бастайды. Құрылғы қуатталып жатқанда сымсыз құрылғы қызып кетуге жол бермеу үшін процесті өзі автоматты түрде тоқтата алады.


Сымсыз қуатталған батарея аз уақыт қызмет етеді

Иә, расында солай. Сымсыз қуаттау әдісін қолдану батареяның қызмет ету мерзімін қысқартады. Бұл қаншалықты маңызды екенін өзіңіз шешесіз. Мысалы, Apple компаниясының өзі бұл кемшілікті ресми түрде мәлімдеген.

Неге олай?

Сымы бар қуаттау құрылғысын қолданған кезде оның тиімділігі өте жоғары болады және батареяны тез толтырады. Және іс жүзінде жылу энергиясы таралып, қызып кету деген мәселе мүлдем болмайды. Әрине, сапалы қуаттағыш болса.

Бірақ, сымсыз құрылғымен қуаттау кезінде бұл энергия, керісінше, смартфон мен оның батареясын қыздыратын жылуға айналады. Ал, қызу өздеріңіз білетіндей, литий-иондық элементтердің ең жаман жауы.


Сымсыз қуаттағыштың жылдамдығы төмен

Сымсыз қуаттағыш сымды құрылғыға қарағанда баяу жұмыс істейді. Сондықтан уақыт тығыз кезде сымды қуаттағышты қолданған дұрыс.

Сондай-ақ, энергияның сымсыз әдіспен таралуы мен аккумулятордың қатты қызуын ескерсек, оның тек зиян келтіретінін түсінеміз.


Сымсыз қуаттағыштың тағы қандай кемшіліктері бар?

Біріншіден, сымсыз зарядтағыштар Wi-Fi немесе 3G/4G жұмысының тұрақтылығына әсер ететін өте қуатты электромагниттік өрісті шығарады.

Ал, арзан сымсыз қуаттағыш жүйелерін пайдалану кезінде жағымсыз дыбыстар шығады. Сонымен қатар, сапасы төмен аксессуарлар батареяны қыздырып, телефонды істен шығаруы ғажап емес. Сондықтан қазір iPhone телефонына арналған сымсыз құрылғылар қызып кеткен кезде қуатты өшіретін арнайы шектегішпен жабдықталып жатыр.

Дегенмен, кейде шектегіштің өзі электр кернеуінің күрт көбеюінен құтқара алмайды.

Ал, артықшылықтары қандай?

Әрине, бұл құрылғының басты артықшылығы – пайдалануға ыңғайлылығы. Мысалы кейбір адамдар сым сүйретіп жүргісі келмейді. Енді бірі жаңа технологияны қолданғысы келеді. Яғни бұл гаджеттің эстетикалық әсері де мол.

Сондай-ақ, сымсыз адаптерді кез-келген жерге орнатуға болады және ол үйдің немесе кеңсенің үйлесімділігін арттырады.


Жалпы, сымсыз қуаттағыштан түбегейлі бас тартудың қажеті жоқ. Алайда, оларды алатын кезде өзіңіздің нені ұнатып, нені ұнатпайтыныңызды ескеріңіз. Сосын, әрдайым танымал өндірушілердің тек сапалы аксессуарларын қолданған дұрыс.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Электросамокат таңдағанда мынандай белгілеріне МӘН БЕРУ қажет


КЕРЕК КЕҢЕС: Ер адамдарға осы құрылғылар ҰНАЙДЫ!