​Ноутбук қызып кете ме? Онда оны шаңнан тазарту керек

0
6 411


​Ноутбук қызып кете ме? Онда оны шаңнан тазарту керек

Пандемия бастағалы көптеген адамдардың жұмысы ноутбук пен компьютер, телефонға байланды. Қазір әрбір екінші үйде ноутбук бар десек қателеспейтін шығармыз. Ал, сол ноутбукты қалай дұрыс тазарту керектігін білесіз бе? Кей адамдар оның бетін ғана сүртіп қояды. Алайда бұл дұрыс емес. Көпшілігіміз ноутбук қызып, ысып кетсе ескіргеннен немесе арзанқол болғаннан деп ойлаймыз. Бірақ, ол шаңнан тазартылмағаннан да болуы мүмкін. Негізі ешқандай ноутбук ескі болғаннан қызбайды. Оның ысып кетуінің негізгі себептері: термопастаның құрғауы, шектен тыс жүктеме, қоқыс, шаң-тозаң. Сондықтан құрылғы ұзақ қызмет етсін десеңіз, жиі-жиі тазартып тұрыңыз.


Шаң ноутбукке қауіп тудырады

Шаң көзге көрінбейді және кез-келген жерде жүреді. Тіпті, ноутбукпен тап таза жерде жұмыс істесеңіз де шамалы уақыттан соң шаң жиналғанын көрсесіз. Ноутбуктегі шаң тозаң адамдардағы тұмау секілді дүние. Өзіңе тез тартып аласың, уақытында оңай емделеді, ал мерзімін өткізіп аласаңыз, асқынып кетеді. Егер, ноутбуктегі шаң тазармай тұра берсе, күйеді немесе процессоры істен шығады, ал оны жөндету үшін қомақты қаржы қажет болады.

Ноутбукты бөлшектемей, зиян тигізбей шаңнан тазартуға болады!

  • Шаңсорғыштың көмегімен тазарту. Алдымен ноутбуктың артқы жағындағы процессор мен желдеткішті салқындатып тұруға арналған ауа өткізетін арнайы тесіктерді табу керек. Соның қасында ыстық ауа шығатын тағы бір тесік болады. Дәл осы жерлерге шаң көбірек жиналатындықтан шаңсорғышты қосып, осы тесіктерді тазарту керек.
  • Ауа кіретін тесікті тығыздалып үрленген ауасы бар баллонды қолдану арқылы тазартуға болады. Мұндай баллондар компьютер техникаларына арналған және құрылыс дүкендерінде сатылады. Ауа қысымы жоғары болғандықтан онымен тазарту кезінде желдеткіш қалақшаларының айналуын күшейтеді де, шаңды үрлейді. Сондай-ақ, осы әдіспен пернетақтаны да тазартуға болады. Ол үшін пернетақтаны теріс қарата қойып, ауа толы баллонмен пернелердің арасын үрлеп, қоқысын сыртқа шығару қажет.
  • Ноутбукты ашып, ішін тазарту. Ұзақ уақыт бойы тазартылмаған ноутбукты ашып тазартуға болады. Егер, ноутбукке берілген кепілдік мерзімі біткен болса. Ал, кепілдік мерзімі өтпеген болса, онда жөндеу орталығына апарған дұрыс.

Желдету жолын тазарту жұмыстарын ноутбук қосылмай тұрғанда да жасауға болады. Ол үшін оны үстел үстіне қойып, кітап секілді ашып қойған дұрыс. Шаңсорғыштың басындағы қондырманы алып, түтіктің өзін тесіктерге апарып 3-4 минут ұстап тұру қажет. Тазартуды бастамас бұрын, жұмыс істейтін орынды тазартып, кедергі келтіретін нәрсенің бәрін алып тастап, реттеп алу керек. Сондай-ақ, ноутбукты бөлшектегенде шатаспайтындай белгі салып отырған дұрыс.



Тазалау жұмысын кезең-кезеңімен атқару керек:

  • Құрылғыны өшіру қажет. Тоқ көзінен ажыратып немесе батареясы болса, оны алып тастаймыз.
  • Сыртқы қақпағының бұрандаларын бұраймыз. Кейбір ноутбуктерде бұрандаларды табу қиын. Өндірушілер оларды резеңке "аяқтардың" немесе жапсырмалардың астына, құрылғының екі жанына орналастырады.
  • Қақпағын шешеміз. Қақпақ кейде толық шешілмей, тек жылжуы мүмкін. Егер бір нәрсе шешілуге кедергі келтірсе, онда бұрандаларды толық шешкеніңізге көз жеткізіңіз.
  • Кулер мен радиатордың қай жерде екенін анықтап алу керек. Кулер – желдеткішке ұқсайды және қорапшада орналасады. Ал радиатор тор қораптың ішінде орналасады.
  • Тығыздалған аусы бар балонмен кулер мен радиаторды үрлеу қажет. Сондай-ақ микросхеманы да мұқият тазартып аламыз.


Радиатордың ең қиын жері – ол ребра. Уақыт өте келе ол шаң-тозаңға толып, нығыздалып қалады. Оны шаңнан тазарту үшін жіңішке қылқалам немесе инені пайдалану керек. Барлық жердің шаңын үрлеп шығып, тазартамыз. Желдеткішті тығыздалып қалған шаңнан тазарту үшін мақталы таяқшалар (ватные палочки) қолданылады.

МАҢЫЗДЫ! Жүйелік тақтаны (материнская плата) сүртуге болмайды. Оның беткі қабатына тиіп кетпей, тек қана ауамен үрлеп, шаңын кетіруге немесе шаңсорғышпен тартуға ғана болады. Кейбір қолданушылар құрылғыны және жүйелік тақтаны тазарту үшін, шөтке, шүберек, таяқшалар секілді бар құралдарды пайдалануға тырысады. Алайда мұндай заттардың көзге әзер көрінетін болмашы бір бөлігі бір жерге тұрып қалса, онда тұйықталу орын алып, өрт шығу қаупі бар. Шөтке микросхема жолдарын бұзады.


  • Шаңсорғышпен жұмыс істегенде бірнәрсені тартып және нәзік бөлшектерді бүлдіріп алмас үшін, өте мұқият болып, қауіпсіздік ара-қашықтығын сақтау керек.
  • Кейбір ноутбук үлгілерінің желдеткіші бөлек алынады. Сондықтан оны сөгіп алып, тазалықты жақсылап жасауға болады.
  • Барлық жерді мұқият тазартып болғаныңызға көз жеткізген соң ноутбукты жинаймыз. Ешқандай майда, ұсақ бөлшектерді ұмыт қалдырмау керек. Жинап болған соң құрылғының дұрыс жұмыс істеп тұрғанын тексеріп аламыз.
  • Дауысын тыңдаңыз: тыныш, бірқалыпты, жағымды естілуі керек. Ұзақ уақыт қосылып, жұмыс істеп тұрғанда ешқандай ысып, қызып кетпеуі тиіс. Егер тазалықтан кейін ысып кету басылмаса, онда арнайы маманның көмегіне жүгініңіз.

Құрылғының сыртқы тазалығы оның іші де сондай болып тұр дегенді білдірмейді. Егер техниканы тазартып тұрмасаңыз, онда ол жиі қызып, видео-чипті зақымдайды. Негізгі тетіктердің айналасындағы бөлшектер жөндеуге келмей қалуы мүмкін, қысқа тұйықталу да орын алуы ғажап емес. Осындай ұсақ-түйектің салдары үлкен мәселеге айналып, оның шешімі қымбатқа түсуі мүмкін. Сондықтан оның алдын алған дұрыс.

Құрылғыны қаншалықты жиі тазартып тұру қажет?

Тазалық жасау уақытының жиілігі, ноутбуктың қалай қолданылып, қай жерде тұратынына байланысты. Егер құрылғы үнемі үстел үстінде тұратын болса, онда оны жарты жылда бір рет тазарту жеткілікті. Ал бөлмеден бөлмеге көшіп, бірде еденде, бірде кереуетте т.б. жағдайларда пайдаланылатын болса, онда оны тазартып тұру уақыты да жиілейді. Мұндай кезде құрылғыны үш айда бір рет ішін ашып тұрып тазартып алу керек.


Шаң-тозаңның алдын алу үшін ноутбукты қалай қолдану керек?

Құрылғының ішкі бөлшектері шаң-қоқысқа толып қалмау және тазалықты жиі жасамау үшін құрылғыны пайдаланудың кішкене бір қулықтарын біле жүрген дұрыс.

  • Ноутбукты қорғап тұру үшін ең дұрысы арнайы құрылғыны пайдаланған дұрыс. Мысалы, USB-кулер: олар құрылғыны ұстап тұратын тұрғы ретінде пайдаланылады. Әсіресе ноутбукты үстел үстіне қойып жұмыс істегенде осы құрылғыны пайдалану өте тиімді. Осылай ноутбуктың қызып кетуінен құтыла аласыз. Арнайы тұрғыда тұрған ноутбуктың желдеткіш де дұрыс жұмыс істейді.
  • Ноутбукты пайдалану уақытын қадағалаңыз. Тек қажет кезде ғана қосуға тырысу керек. Ал жұмыс істеп болған соң, "ұйықтау режиміне" қойған дұрыс.
  • Кресло немесе кереуетте отырып, жатып жұмыс жасайтындар құрылғы үшін арнайы үстел пайдаланғаны дұрыс. Ол үстел құрылғыға көрпе-төсек, төсеніштен келетін шаң-тозаңның кіріп кетуінен сақтайды. Сондай-ақ, арнайы үстелге қойып жұмыс істеу ыңғайлырақ.
  • Ноутбукпен жұмыс істегенде тамақ ішіп-жеуге, пісте шағуға, әсіресе сусын, кофе, шай ішуден аулақ болған жөн. Себебі ноутбуктың жиі бұзылуы, тіпті жөндеуге келмей қалатынына ең көп себеп болатын осы жағдайлар. Өзгелердің де, әсіресе балалардың жұмыс істеп отырған кезіңізде қасыңызда тамақтануына жол бермеуге тырысыңыз.

Құрылғыны мұқият пайдалану және күтіп ұстау оның ұзақ уақыт жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Жоғарыда жазған кеңестер мен ереже, жұмыстағы мұқияттылық өз техникаңызды күтіп баптауға және ақша шығарып, арнайы маманға шығындалмауға көмектеседі деген ойдамыз. Ноутбук жинақы болғандықтан оған барлық бөлшектерді сыйғызған. Ал, бөлшектер кішкентай болғанымен үлкен жұмыс атақарды. Бірақ олардың кәдімгі компьютерге қарағанда қызмет ету мерзімі аз болады.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Ғалымдар КЕЗ КЕЛГЕН бактерияны 10 секундта жоятын құрылғы ойлап тапты

Телефон ҚУАТЫН 100 %-ға дейін ЖЕТКІЗБЕУ керек