НАМАЗ оқуды смартфоннан да ҮЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ

0
8 203

Жаңа ғасырдың жарқын жетістігі – ақпараттық технология.


НАМАЗ оқуды смартфоннан да ҮЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ

Бүгінде кез келген сұрақтың жауабын, кез келген мәселенің шешімін ғаламтордан тауып, ақпараттық технология арқылы көптеген дүниелерді үйренуге болады. Мәселен, еүнделікті тіршілікте сұранысқа ие тіл үйренуден бастап, мал базарға дейін арнайы қосымшаға айналған. Яғни телефон арқылы қыруар тірлікті тындыра бересіз. Солардың бірі – намаз оқуға үйрететін қосымшалар.

Қазір елімізде намаз оқуға бет бұрушылардың қатары қалың. Әсіресе, жастар жағы басымдау. Ал, сол жастардың заманауи гаджеттерсіз «өмір сүре алмайтынын» ескерген пограммистер намаз оқуға үйрететін, іші керекті кеңестермен толтырылған, діни сауатты арттыруға көмектесетін көптеген қосымшалар жасап шыққан. Оларды телефонның маркасына қарай Google Play немесе App Store сервистерінен жүктеу керек екенін айтпаса да түсінікті шығар.

Дегенмен, дүниежүзінде теріс ағымдағы діни ұйымдардың бар екенін де ұмытуға болмайды. Сондықтан адамды адастыратын арампиғылдылардың құрығына түсіп қалмау үшін қосымшаны жүктер кезде ол туралы жазылған пікірлерге қарап шығу қажет. Ал, біз сол бағдарламалардың арасындағы оң пікірге ие болғандарын атап өтеміз.


Google Play

Алдымен, Android бағдарламасымен жұмыс істейтін смартфондарды қарастырайық. Яғни Google Play-дегі намаз оқуға үйрететін қосымшалар. Бір қуанарлығы аталған сервистің іздеу батырмасына «намаз» немесе «намаз оқып үйренейік» деп жаза қалсаңыз, мұсылманның парызы саналатын амалды дұрыс жасауға көмектесетін қосымшалар самсап шығады. Мәселен, «намаз оқып үйренейік» деп іздесеңіз, назарыңызға бір емес бірнешеуі шығады. Сосын қосымша жайлы толық мағұлматтар мен қолданушылардың пікіріне, ер немесе әйелдерге арналғанына қарап таңдай бересіз. Тіпті, намаз оқуға үйрететін аудио және бейнежазбалармен жабдықталған программалар да жеткілікті. Одан бөлек, діни сауатты арттыратын «Құран кәрім», «мұсылман әлемі», «Алланың 99 есімі», «Ислам туралы сұрақ-жауап», «дәрет алып үйрену», «намаз кітабы», «дұғалар мен сүрелер», «намаз уақыты» секілді қосымшалар бар. Сондай-ақ, намаз оқуға үйрететін қосымшалардың өзге тілге лайықталған түрлері де баршылық. Өйткені, Ислам адамдарды ұлт пен тілге қарап бөлмейді. Тағы бір айта кетерлігі – бұл қосымшалардағы намаз оқу үлгісі имам ағзам абу Ханифаға сай.


App Store

Ал, Apple компаниясы өндіретін IРhone-дарға арналған App Store сервисінде намаз оқуға үйрететін қосымшалар Google Play-ға қарағанда сәл аздау екен. Дегенмен, ол қосымшалардың жүктелу көрсеткіші, қолданушылар білдірген пікірлер айтарлықтай көп. Сондықтан мұндай қосымшалар App Store-да да жеткілікті деп айтуға әбден болады. Сонымен қатар, Құран оқуға азан шақыруға үйрететін, сүрелер мен дұғалар жинақталған бағдарламалар да бар. Тіпті, құбыланы дәл табатын компас қосымшаны да көзіміз шалып қалды. Демек бұл сервиске де оң баға беруге болады. Өйткені, бұл жерде маңыздысы сан емес, сапа екені белгілі.


Электронды жайнамаз

Тағы бір таңқаларлық дүние – электронды жайнамаз. Ол намаз оқып үйрететін Muslim деп аталатын интерактивті құрал. Құралда намаз тәртібі өте түсінікті жазылып, әр қимыл құрылғыдағы адам суреті арқылы көрсетіледі. Ал, айтылатын сөздерді құлаққап арқылы естіп, қайталап тұруға болады. Сонымен қатар, қазақ, орыс және араб тілдерін таңдауға болады. Сондай-ақ, Құранның кіші сүрелерін, дұғалардың, азан мен қаматтың қалай оқылып, қалай айталытынын үйрене аласыз. Сол себепті «Muslim» электронды жайнамазын намаз оқуға дағдылануға өте ыңғайлы және тиімді құрал деп сенімді түрде айта аламыз.

Muslim Электронды жайнамазының жиынтығында ұзындығы шамамен 2 темр болатын құлаққап пен дүкендер тарапынан берілетін қосымша жабдықтары болады.

Оны пайдалану өте қарапайым. Алдымен тілді таңдап (қазақ, орыс және араб), құрылғы тетігін басу арқылы намаз түрін белгілейсіз. Сосын құрылғыдан таң, бесін, ақшам деген дыбыс шығып, сол жақта орналасқан сурет жанады. Бұл сіздің қандай позиция қабылдауыңыз керектігін көрсетеді. Содан кейін әр қимыл мен сөздерді қайталайсыз.

Құрылғының жоғарғы оң жақ бұрышындағы сандар ракағат ретін көрсетеді. Сондай-ақ, құрылғының үстіңгі жағында компас бар, оның көмегімен Қағбаның бағытын анықтай аласыз. Бағасы 10000 теңге шамасында. Қызығушылығыңыз оянса, ғаламтор немесе әлеуметтік желілерден «электронды жайнамаз» деп іздеп, таба аласыз.


Табалдырығымыздан аттағалы тұрған мұсылман халқының ең қасиетті, ең ұлық мейрамы – Рамазан айы құтты болсын! Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ.

Тағы оқыңыз:


Ноутбук қызып кете ме? Онда оны шаңнан тазарту керек


БАСҚА АДАМҒА БЕРМЕҢІЗ! Телефон ВИРУС тасымалдайды