Бұл жаңа «ТОНАЛКА» – барлық ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТІҢ АРМАНЫ

0
1 901

Мұндай өнертабыстарды кез келген адам қолданып көруге асығады.


Бұл жаңа «ТОНАЛКА» – барлық ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТІҢ АРМАНЫ

Ғылыми-технологиялық прогрестің басты көздегені – адамдардың өмірін жеңілдету, ыңайлылық сыйлау. Цифрлық өмір біз ойлағандай алыста емес, дәл жанымызда, тұмсық түбінде. Кез келген жаңа технология санаулылар мен таңдаулылар үшін ғана емес, жер бетіндегі әрбір адамзат баласының, соның ішінде сіз бен біздің де қолданысымыз үшін жасалуда.


KaoJapan – ең үздік «тоналка»

Жапон ғалымдары көптеген салаларда инновацияның көшін бастап тұр. Kao Corp. компаниясы шығарған жаңа өнім – KaoJapan бұл рейтингті одан ары көтерді. Бетке арнайы диффузор арқылы шашылған рең беретін крем («тоналка») жасанды тері секілді қабат түзеді. Беттегі кемшіліктер мен дақтарды керемет жасырады. Ультракүлгін сәуле, жел, шаң-тозаң, лас ауа сынды қоршаған ортаның зиянды әсерлерінен қорғайды. Оны қолданған кезде тегіс жағылмау, терлеу, сүртіліп кету сынды мәселелер болмайды. Сезімтал, гипоаллергенді терілерге еш кері әсері жоқ. Кетіру де оп-оңай – теріні жауып тұрған жұқа үлдірді сылып алып тастай саласыз. Жаңа косметологиялық құралды осылай сипаттаған өндірушілер мен қолданушылар оны әзірге ең үздік рең беретін крем деп бағалап жатыр.


Дәл сізге керек дәрумен


Ұлыбританялық Nourished компаниясы дәрумен дайындайтын 3D-принтер жасап шығарды. Құрылғының қызметі – жеміс-жидек, түрлі аскөктер, вегетариандық компоненттер, басқа да пайдалы азық-түліктер мен олардың сығындыларынан қантсыз, зиянсыз табиғи қоспалар жасап шығару. Оларды дәрумен ретінде күнделікті тағамға қосып тұтынуға болады. Компания осы құрылғының арқасында әрбір адаммен жеке жұмыс жасайды. Яғни, әркімнің дәл өзіне керек дәруменді тәуліктік қажетті мөлшерін ескере отырып өндіріп бере алады. Бұл үшін медициналық тексерістен өткізіп, сынамалар тапсырып, жеке денсаулық жағдайы, ағзасындағы дәрумендер мен микроэлементтердің шамасын анықтаса болғаны.


Қабықтан стакан – өте ұтымды шешім


Feel the Peel – шырынсыққыш, айрықша функциялы құрылғы. Өзге шырынсыққыштардан артықшылығы – мәйегі алынған жеміс не көкөністің қабығынан биопластикалық стакан жасап, балғын сусынды соған құйып береді. Өндірушілер бұл экологиялық стакан бірреттік емес, оны қайта пайдалануға әбден болады деп отыр. Осындай пайдалы қызметті атқару үшін жаңа өнертабыста шырынсыққыш, 3D-принтер, кептіргіш, диспенсер, экструдер-филамент сынды бірнеше құрылғының функциясы біріктірілген.


Сөмкеге сыйып кететін қайық


Қайықтың сөмкеге сыюы былай тұрсын, осындай атаудың өзін миға сыйғызу қиын, солай ма? Алайда, өнертапқыштар үшін еш қиындығы жоқ. Оны MYCANOE аталатын қайық идеясы айқын дәлелдеп берді. Каноэ жиналмалы қайығы расында да жолдорбаға, иыққа асылатын сөмкеге сыйып кетеді. Бар-жоғы он минуттай уақыт алатын жинау-құрау жұмысы да оп-оңай. Салмағы – 24 келі, алайда су бетінде салмағы 200 келіден астам жүкті көтере алады.


Кез келген жерді теледидарға айналдырады


Samsung Freestyle – ескі теледидарларды нарықтан ысырып шығара алатын проектор. Тоқ көзіне жалғап қуаттауға, өзіңмен алып жүруге болатын кішігірім гаджеттің салмағы – небары 830 грамм. Кез келген жерге қойып, тегіс бетке бағыттасаң, қабырға болсын, үстел беті, жай ғана тақта, жаныңызда отырған адамның денесі не басқа нәрсе болсын, Full HD (1080p) көлемді экранға айнала салады. Ата-аналар үшін баланы ұйқыға жатқызар алдында жоғарыдағы қабығаны (потолок) теледидарға айналдырып, мультфильм, т.б. төсекте жатқан қалпында көрсетуге болатыны өте керемет. Кәсіпкерлер, мұғалімдер, т.б. іскер жандар үшін түрлі құрылғыларды түгелдемей-ақ, кез келген жерде презентациясын таныстыра алатыны тамаша. Қажет болса, дыбыс зорайтықышқа, түнде әлсіз жарық беретін шырағданға да айналады.

«Мүмкін емес», «ондай нәрсе жоқ» деп өз қиялыңыздың қанатын қырықпаңыз. Қандай ыңғайлылықты, жетілдірілген технологияны қалайсыз – соны өзіңіздің жасап шығаруыңыз міндетті емес. Сіз үшін басқа біреу жасап қойған болуы әбден мүмкін. Тек іздеп, тауып, қажетке жаратсаңыз болғаны.

Дайындаған: Б. Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

Гүлді «АҚЫЛДЫ» ҚҰМЫРАҒА отырғызса, КЕРЕМЕТ өседі

2023 жылы жарық көретін ЕҢ ЕРЕКШЕ 10 гаджет