2021: iPhone 13-тің ЕШҚАНДАЙ түймесі болмайды

0
6 620

Қиялдағы дүниелер шындыққа айналып жатыр.


2021: iPhone 13-тің ЕШҚАНДАЙ түймесі болмайды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

2021 жылы алпауыт өндірушілер жаңа технологияға қызығушыларды күнделікті өмірдің түрлі салаларына арналған қуатты әрі тиімді гаджеттермен қуантпақ. Таныса отырыңыз!


Дербес смартфон

2021 жылы Samsung компаниясы батареясының қуаты 7000 мАч болатын жаңа Galaxy M12 смартфонын шығарады. Бұл аталмыш алпауыт компанияның қуаты рекордтық жұмыс уақытына шыдайтын құрылғысы болады деп күтілуде. Яғни, бұл гаджет толық қуатталған батареясымен қазіргі кез келген смартфоннан ұзақ уақыт бойы қызмет етеді. Өндірушілердің айтуынша, ерекше қуатқа ие батареямен жабдықталатын смартфонның бағасы көпшілікке қолжетімді болмақ.


Негізгі сипаттамаларына тоқталсақ, дисплей диагоналы 6,5 дюймді құраса, жедел жады 3 гегабайтқа тең. Смартфонның алдыңғы камерасы тамшы тәрізді болады.


Икемді ноутбук

2021 жылы көптен күткен Lenovo ThinkPad X1 Fold – икемді экранмен жабдықталған дүниежүзіндегі алғашқы ноутбук шығарылады деп жоспарланып отыр.

Өндірушілер мәлімдеген сипаттамаға сәйкес, алғашқы икемді ноутбук 13,3 дюймдік OLED дисплейі және 8 гегабайттық жедел жадымен жабдықталса, 1 терабайтқа дейінгі ақпаратты көтеруге қауқарлы болады. Сондай-ақ, көміртегі талшығы қосыла отырып жасалған корпусы иілгіш әрі ауыр соққы мен жүкке төтеп бере алатын көрінеді.

Жаңа өнімге құмар жандар үшін құлаққағыс болсын, икемді ноутбуктың бастапқы бағасы шамамен 2 500 АҚШ долларын құрайды.


«Ақылды» кереует

2021 жылдың трендінен орын тебетін тағы бір гаджет — Sleep Number компаниясының Climate 360 деп аталатын әлемдегі алғашқы смарт-төсегі. Ол ұйықтайтын орынның микроклиматын қалыптастыра алады. Нақтырақ айтсақ, алдымен «ақылды кереуеттің» беті қызып, адамның тез ұйықтап кетуіне ықпал етеді. Содан кейін, адам денесі мен бөлме температурасын бақылай алатын төсек біртіндеп салқындап, ұйқы уақытының ұзаруына қолайлы жағдай жасайды.

Сондай-ақ, ерекше төсек-орынның температурасын өзіңіз де реттей аласыз. Одан бөлек кереуеттің негізі бөлігін де ретке келтіруге болады. Бұл пайдаланушының басы мен аяғын жайлы етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кереует матрасының қаттылығы мен жұмсақтығын SleepIQ технологиясы сіз ұйықтап жатқан кезде жағдайға қарай автоматты түрде өзгертіп отырады.

Тағы бір маңызды ерекшелігі – смарт-кереуеттің арнайы мобильді қосымшасы бар. Оның көмегімен ұйқының күйі және денсаулықтың кейбір параметрлерін бақылауға болады. Ал, кереуеттің құны қызметіне сай шамамен 8000 АҚШ доларына тең болады деп жоспарланып отыр.


Виртуалды дулыға

Биыл жарыққа шығатын виртуалды дулыға – HP Reverb G2-Valve және Microsoft өндірушілерінің бірлесе құрастырған гаджеті. Әдетте, біз мұндай дулығаларды ойын-сауық орталықтарында қолданамыз. Оны басқа таққанда мүлдем басқа әлемге еніп кету сезімінен ләззат алып жатамыз. Ал, бұл жолы бұрынғы технологияны одан сайын дамытқан өндірушілер дулыға таққан адамды тіпті суға түсіп кеткендей күйге бөлемек. Құрылғы қазіргі технология саласындағы ең сапалы линзалар және Valve динамиктерімен жабдықталған.


Дулыға көз арасындағы қашықтықты реттеуге және түрлі бет пішініне ыңғайлы болып реттеледі.


Жаңа iPhone

2021 жылы Apple компаниясы iPhone 13 немесе iPhone 12s смартфонын шығарады деп күтілуде. Ол 2020 жылғы нұсқадан түрлі сипаттамалары бойынша ерекшеленіп, дамытылған камера және 5G чипімен жабдықталмақ. Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, ол смартфонда ешқандай түйме болмайды және қуаттаудың өзі тек Qi технологиясымен жүзеге асырылады деп жоспарланған көрінеді.

2021 жылы Apple-ден жаңа өнімнің шығатыны туралы нақты ақпарат өте аз, бірақ ұзынқұлақтың болжамдарына сүйенсек, гаджеттің тұсаукесері қыркүйек-қазан айларында болуы мүмкін.

iPhone-ның жаңа моделінің бағасы соңғы iPhone12-нің құнына қарағанда 100-150 АҚШ долларына қымбаттауы мүмкін.


Дайындаған. Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Қуатталып тұрған ТЕЛЕФОНДЫ қолдануға БОЛМАЙДЫ! Неге?


Асхананың ажары мен ғажабы болатын гаджеттер