Қандағы қант мөлшерін қай спорт түрі азайтады?

0
3 406

Жаттығулар жасау арқылы да қант диабетінің алдын алуға болады.


Қандағы қант мөлшерін қай спорт түрі азайтады?

Қант диабеті – жас таңдамайтын аурудың бірі. Оны білікті мамандардың көмегімен емдеуге болар. Әйтсе де өзіңіз де қарап отырмай, ауруды асқындырмауға әрекет етуіңіз тиіс. Қалай?

Мысалы, қандағы қант мөлшерінің көбейіп кетпеуі үшін арнайы диетамен тамақтанасыз. Сонымен қатар спорттың да үлкен көмегі бар.

Қант диабеті диагнозы бар (әсіресе ІІ типтегі диабет) адамдардың 90 пайызында семіздік белгісі бар. Ал медицина мамандары артық салмақты кеміту арқылы қандағы қант мөлшерін азайтуға болатынын айтады. Ендеше, ауруды емдеу үшін және оның алдын алу мақсатында міндетті түрде спортты күн тәртібіне қосыңыз. Алайда диабетиктерге барлық спорт түрі рұқсат етілмейді. Сонда қант диабетімен ауыратындар қай спорт түрімен айналысуына болады?

Біз мамандар іріктеген жаттығуларды саралап назарларыңызға ұсынып отырмыз. Өзіңізге ыңғайлысын таңдап алып, орындаңыз.



1. Жүзу

Суда жүзу – ең жеңіл әрі пайдасы зор жаттығу. Су ішінде дененің салмағы байқалмайды, бұлшықеттерді шынықтыру да қиындық туғызбайды. Жүрекке салмақ түсірмейді.

Су кез келген жаттығуды жеңілдетеді, буындарға түсетін қысымды азайтады. Сондықтан да бұл салмағы шамадан көп адамға, жүкті әйелдерге, жүрек дерті бар науқастарға таптырмас спорт түрі. Бұл спорт түрімен жылдың төрт мезгілінде де шұғылдана аласыз.



2. Резеңке таспалармен жаттығулар

Спорттық дүкендерде сатылатын резеңке таспалармен денеңіздің барлық бұлшықетін шынықтыра аласыз. Ал бұлшықеті шымыр денеге май жиналмайды.

Бір артықшылығы, резеңке таспаларды өзіңізбен алып жүріп, кеңседе, саябақта, құрбыңыздың үйінде әңгіме тыңдап отырып жаттығу жасай бересіз. Қиындығы жоқ.



3. Би

Кез келген би дененің бүкіл бұлшықетін қимыл-қозғалысқа түсіреді. Сонымен бірге қанайналымды жақсартып, тыныс алуды белсендіреді. Соның салдарынан калория тез «жанып», салмақ жоғалады.

Билеу үшін арнайы видеосабақ көрудің де, тренер жалдаудың да қажеті жоқ. Ұялы телефоныңызға интернеттен өзіңізге ұнайтын музыканы тартып алыңыз да, кез келген уақытта қосып, әуен ырғағымен бірге қимылдай беріңіз. Денеңізге ерік беріңіз және музыкамен бірге ырғалған тәніңізге еріп отырсаңыз болғаны.



4. Жаяу жүру

Бұл барлық адамға пайдалы және ешқандай күш, салмақ түсірмейтін оңай спорт түрі. Жан мен тән саулығы үшін түрлі дене жаттығуынан бөлек әркім күніне кем дегенде жарты сағат жаяу жүруі керек. Небәрі жарты-ақ сағат!

Егер жүрудің денсаулығыңызға пайдасын білсеңіз, көбірек жаяу жүрер едіңіз. Өйткені жүрген кезде барлық бұлшықет қозғалысқа түседі. Ішек-қарын, тыныс алу мүшелерінің жұмысы жақсарады.



5. Йога

Қант диабеті – қандағы қант мөлшерінің көбеюінен анықталғанымен, ол қант көп жегеннен пайда болмайды. Ең бірінші жүйке жүйесіне ауыр психологиялық (уайым, күйзеліс, торығу, жабығу, өкіну, реніш т.б.) салмақ түскеннен туады. Сондықтан күніне бір сәт адам қарбалас тіршілік пен мәселелерден, у-шудан ойын, санасын тынықтырып отырғаны жөн. Ол үшін йога жаттығулары ұсынылады. Өйткені ол тән мен жанды және рухты бірдей тыныштандыра алады.

Йога жаттығулары омыртқаны қатып қалудан сақтайды, буындарды иілгіш етеді. Дәл сол сияқты жүйке жүйесін де «иіп», адамды сабырлы қалыпқа түсіреді. Күнде 10-20 минут уақытын йога жаттығуларына арнайтын адам өз эмоцияларын тізгіндеп ұстап, бақылай алатын болады.



6. Тай Чи

Тай Чи – бұл қытай халқының ғасырлар бойы сақталып, дәстүрге айналған жекпе-жек өнері. Бұл жаттығудың тамыры дәстүрлі қытай медицинасынан бастау алады. Яғни, денсаулыққа пайдасы орасан. Орындалуы да жеңіл әрі би қимылдарына ұқсайтындықтан кез келген жастағы адамға орындау қиын емес.

Тай Чи жаттығуларын ютуб каналынан іздеп көріп алсаңыз болады. Ол адамның ішкі тыныштығын нығайтуға арналған баяу, медитациялы дене қимылдарының сериясынан тұрады. Жаттығу қимылдары ішкі энергияны арттырады.

Дәстүрлі қытай медицинасында адамдар ғаламның кішкентай нұсқалары болып саналады және ғалам сияқты, оларды бес элементтің (металл, су, от, ағаш және жер) өзара әрекеттесуі құрайды дейді. Осы бес элемент дененің барлық мүшелерінде өзара үйлесімде, байланыста болса, тән мен жан аурулары жоламайды.

Ғалымдар жаттығулардың глюкоза деңгейін төмендететінін, бұлшықеттерді жиыратынын, адамның теңгерімін реттейтінін және жүрек ауруларын емдеп, стрестен сақтайтынын анықтаған.



7. Пилатес

Пилатес жаттығуларының көпшілігі жатып орындалады. Сондықтан да оңай.

Мамандар пилатес жаттығуларымен айналысатындарда қант мөлшері бірқалыпты болатынын айтады. Өйткені пилатес салмақ пен қан құрамындағы глюкозаны азайтады. Сонымен қатар жүрекке де өте пайдалы. Ал диабетиктерде көбінесе жүрек қан тамырлары дерттері жиі кездеседі.



8. Гимнастика

Гимнастика жаттығуларын күнде орындап жүрген боларсыз? Иә, отырып-тұру, тізені бүкпей алға еңкею, қолды еденге жеткізу, шалқаю, белді айналдыру, аяқтарды сермеу, мойынды бұру, отырып жүру т.б.

Бұларды денені қыздыру жаттығулары деп атауға да болады. Егер күнде таңертең және кешке (екі мезгіл) 10 минуттан гимнастикамен шұғылданатын болсаңыз, көңіл күйіңіз үнемі көтеріңкі, ұйқыңыз тыныш болады, сергек жүресіз. Ал жақсы көңіл күй стреске қарсы тұратын бірден-бір қалқан.


Күніне неше минут?

Американдық Диабетикалық Ассоциацияның нұсқауынша, физикалық дене мен қан құрамын қалыпты ұстау үшін спортпен аптасына 150 минут (шамамен 2,5 сағат) немесе әр күні 20 минут шұғылдану қажет.


Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Варикозды «емдейтін» ӨТЕ ОҢАЙ 6 жаттығу

Диванда жатып-ақ орындауға болатын өте пайдалы 4 жаттығу