​Ауызашарға арналған ДТ (дұрыс тамақтану) тағамдары

0
7 542

Ауызашарға қандай ас әзірлеймін деп ойланып отырған болсаңыз, осы рецепттерді пайдалансаңыз болады.


​Ауызашарға арналған ДТ (дұрыс тамақтану) тағамдары

Пайдалы тағамды ауызашарға дайындау өте маңызды. Алдымен құрмамен, сумен оразамызды ашып, 10-15 минуттан соң дәруменге бай тағам жеген дұрыс. Бүгінгі ас мәзірінде дәл осындай өте пайдалы әрі артық салмақ қосуға жол бермейтін дәмді пирогтар.

Ауызашарға қандай ас әзірлеймін деп ойланып отырған болсаңыз, осы рецепттерді пайдалансаңыз болады.


Қарақұмық пен ірімшіктен дайындалған пирог



Қажетті өнімдер:

  • 2 стақан қайнатылған қарақұмық
  • 170 гр. қатты ірімшік
  • 1 дана пияз
  • 1 бума ақжелкен
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш
  • 3 дана жұмыртқа
  • 100 мл сүт
  • 1 шай қасық сары май.


Дайындалу тәсілі:

  1. Қайнатылған бір стақан қарақұмықты май жағылған формаға салып жайып, оның бетіне үккіштен өткізілген ірімшіктің жартысын себелейсіз.
  2. Пиязды да жіңішкелеп турап, ірімшіктің бетіне себелеу керек. Сосын майдалап туралған ақжелкенді жайып саласыз.
  3. Тұз бен бұрыш себелеуді ұмытпаймыз. Осыдан соң қарақұмықтың қалғанын салып, қасықпен сәл-сәл басамыз.
  4. Үш жұмыртқаны сүтпен және тұзбен араластырып, қарақұмықтың бетіне құясыз. Ал, оның бетіне қалған ірімшікті себелесеңіз болғаны.
  5. Пешті 200 градусқа қойып қыздырып, пісірмені саламыз. 25-30 минутта тағамымыз да дайын болады. Бірақ та қарақұмықтан дайындалған пирогты ыстықтай кесуге асықпаңыз. Сәл ғана суытып, содан кейін дастарханға ұсына берсеңіз болады.


Қырыққабат пен айран қосылған пирог



Қажетті өнімдер:

  • 300 гр. қырыққабат
  • 1 дана пияз
  • 0,5 стақан айран
  • 1 дана жұмыртқа
  • 6 ас қасық ұн
  • 1/3 шай қасық ас содасы
  • Жарты шай қасық тұз
  • 3 ас қасық өсімдік майы
  • Қаласаңыз күнжіт те қосуға болады.


Дайындалу тәсілі:

  1. Қырыққабатты ұзыншалап турап аламыз. Ал, пиязды текшелеп турау қажет. Сосын қырыққабат пен пиязды өсімдік майына қуырып аласыз. Тұз, бұрыш қосып дәмін кіргізуге болады.
  2. Шұңғыл табаққа жұмыртқаны жарып салып, тұз қосып көпіршітеміз. Бөлме температурасында тұрған айранды қосып, араластырыңыз. Ұн мен ас содасын қосып, барлығын жақсылап араластыру керек.
  3. Форманы өсімдік майымен майлап, араласпаның жартысын құямыз. Бетіне қуырылған қырыққабат пен пиязды жайып саламыз. Сосын қамырдың қалғанын құйып, бетін тегістейміз. Ал, ең бетіне күнжіт себелеуге болады.
  4. Дайын пирогты 180 градусқа дейін қыздырылған пеште 30 минут бойы ұстаймыз. 30-40 минутта пирогымыз да дайын. Астарыңыз дәмді болсын!

Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Сәресі асқа қайнатылған ет пен көкөніс жеген пайдалы


Мына тағамдар бауыр жұмысын жақсартады


Сізге диетолог қажет пе?