​«ЖОЛАЯҚ», «ЖОЛАШАР», әлде «АЙТҰЯҚ» па?

0
4 890

Жолаяқ дәстүрі дұрыс орындалып жүр ме? Сіздің ойыңыз қандай?


​«ЖОЛАЯҚ», «ЖОЛАШАР», әлде «АЙТҰЯҚ» па?

фото: egemen.kz

Жол мен жолаушыны қадірлеген халқымыз оған байланысты ырым-жоралғылар, дәстүр-салттарды қалыптастырған. Олардың әрқайсысының ізгі тілеуі, ақ ниеті бар.

«Жолы болсын», «сапары сәтті болсын», «алды ашық болсын» деп алыс жолға жүретін адамға «жолашар» немесе «жолаяқ» деп аталатын дәстүрді жасап, шығарып салады. Жолаушыны құрметтеген халықпыз ғой, «Жолашар», «Жолаяқ» дегеннің не екенін мәңгүрт болып кеткендер болмаса, былайғы қазақтың білмейтіні кемде-кем болар.

Адамы жолаушы жүретін отбасы бір малын сойып, ауылдағы үлкен-кішіге дастарқан жаяды. Қариялар жолаушыға арнап бата береді. Бата деген адамға рухани күш-қуат береді, көңілге медеу, жүрекке сенім себеді. Сондықтан, жолаяқ дәстүрі ақ ниеттен, игі тілектен туған дәстүр. Дәстүрдің барлығы да игі ниеттен туындайтыны, адамның жақсылыққа сенгендігінен пайда болғаны белгілі ғой.

Қазақ халқында көп салт-дәстүрлердің бірсыпырасы тойда кездеседі. Қазір көбінесе, құдалық тойларда, құдаларды думандатып күтіп алып, оларға лайықты сый-құрметін көрсетіп, одан кейін әспеттеп шығарып салар кезде «жолаяқ» деген дәстүр орындалып жатыр.

Жолаяқ негізінен қазақ халқында ежелден келе жатқан дәстүр, дегенмен оның орындалу реті кішкене өзгерді. Оның шығу тегі тойға, қуанышты жағдайларға ғана байланысты емес, кез-келген жағдайда белгілі бір мақсатпен жолаушылап шығатын жанға ақ жол тілеп шығарып салуға байланысты туындаған.

Қазақтың тағы бір ежелгі салтын еске түсірейікші.

Негізі бұл дәстүр сонау ежелгі, жаугершілік заманда пайда болған екен. Оның атауы да «жолаяқ» емес, «айтұяқ» болған. Бұл жылқы малының көбірек қолданыста болғандығына байланысты айтылған.

фото: shalqar.kz

АЙТҰЯҚ-қазақ халқының көп салт-дәстүрлерінің бірі. Біреу қатты жараланса, өміріне қауіп төнсе немесе қиын жағдайға душар болса әдетте қазақ «ақсарбас» айтады. Ондайда малын сойып, құдайы тамақ береді. Ал қауіп-қатері ауыр жолға, мәселен, Отан қорғауға, қажылық сапарға, ауыр сырқаттан емделуге аттанатын болса, «АЙТҰЯҚ» атап, жылқы соятын болған. Ел-жұртқа күні бұрын хабарлаған, жиналған жұрттың батасын алған. Жаугершілік замандарда «айтұяқ» жиі берілген. Ежелгі аңыз-әңгімелерде, ертегілерде, батырлар жырында жиі кездесетін бұл сөз қазір сирек айтылады. Оның орнына «жолаяқ» деген сөз басымдау.

Ал, «ЖОЛАЯҚ» деген дәстүрді біз қайсы мағынада қолданып жүрміз? Жолаяқ деп құдаларға арнап мал сойып жүрміз бе, олардың өз елдеріне аман-есен, қауіп-қатерсіз жетіп алуларына тілектестік білдіру салтын қай жолмен орындап жүрміз? Қызды ұзатып алып кетуге келген құдаларға жасалатын кәде алдымен «жолаяқ» сосын «кетераяқ», «кебіскиер» деп шұбыртып жасалынып жатыр. Бұл да құдаларға сый-құрмет көрсету жолы болғанымен, ол басқа дәмнен емес, арақ-шарап ұсынуға ұласып жатыр. Дәстүрдің бұрмалануы осындайдан көрініс табады ғой.

Жолаяқ- келген қонақты жолға шығарып, салып тұрып, оларға жол болсын айтып, дәм-тұз ұсыну. Жолаяққа ауыл адамдары, дос-жарандары, ағайын-туыс, құрбы-құрдастары жиналып, жол жүрушінің құрметіне шағын сауық кешін өткізеді. Кейде алғаш рет алыс сапарға аттанып, жолға шыққан балаға да жолаяқ жасалады. Сонда қариялар «Сапарың оң, жолың ашық, жүрісің сәтті болсын!» деп ақ тілек айтады, бата береді.

Жолаяқтың мәнісі кең, ал біз оны тек қана құдалық жоралғысының айналасында ғана қолданып жүрміз. Осы салт-дәстүрімізді жаңғырта түссек, бәлкім көптің тілеуі көл, ата-ананың батасы жамандықтан қорғап жүреді деген сөздің растығына көз жеткізе түсерміз.

«Жолың оң болсын, сапарың сәтті болсын!» деп тілек білдіріп, жолаяқ жасап, дәм-тұз ұсыну кез келген қазақтың қолынан келеді.

Дәстүрімізді дұрыс дәріптейікІ

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


АҚСАРБАС атау қандай жағдайда орындалатынын білесіз бе?


Нәрестенің шашын 40 күнде ала ма, 7 күнде ме? ҚАЙСЫСЫ дұрыс?