​ЖАҢА ТУҒАН АЙға тағзым ету дұрыс па?

0
2 599

Ал сіз қалай ойлайсыз? Бұл табыну ма?


​ЖАҢА ТУҒАН АЙға тағзым ету дұрыс па?

«Қазақтың ежелгі наным-сеніміне сүйенетін болсақ, ата-бабаларымыздың ұстанған жолы. Ал шариғат жөнінен «ширк», яғни, «Аллаға серік қосу» деп тыйым салатынын да білеміз. Бірақ бұл Алланың жаратқанына табыну емес, бір Аллаға сыйына отырып, амал ету деп түсінемін өзім».

Осылай деп ағынан жарылған кейіпкеріміз қазақтың қай дәстүрін, наным-сенімін алып қарасақ та негізсіз еместігін айтады.


«Бала кезімде екі қолым сүйелден көрінбейтін. Естігенімдей, сүйелді дәрігердің көмегінсіз-ақ, ежелгі әдіспен, халықтық наным-сенім арқылы емдеуге болады екен. Кішкентай кезімде анам шырмауық шөбінің сұйықтығын жағатын. Бала болғандықтан, мән бермеген шығармын. Сүйелім қалай кетіп жатыр ойламайтынмын.

Кейін ата-анамнан бөлек кетіп, студент атанған шағымда тағы да қолымды сүйел қаптап кетті. Қыз баласы болғандықтан, қысыласың, біреумен қол беріп амандасуға да ұяласың. Өзімде сондай қысылу сезімдері болатын. Сол кезде де жанымдағы құрбыларым «адам өзінде қанша сүйел бар болса да әрбір сүйелді санап отырып жіпті сонша рет түю керек екен. Сосын сол жіпті тез шіриді-ау деген жерге көміп үстіне су құйып тастау керек екен. Адам шарасыз болғанда істейтін амалы қалмағанда ақылға қонымсыз болса да соңғы амалымды жасап көрейін дейді екен. Өзім де осы ырымды құрбыларым айтқан кезде сенбеген едім. Қалайша ол адамның денесіндегі сүйел жерге көмілген жіп шіріген кезде жоғалады? Бұл қандай тылсым күш оны да білмеймін. Бірақ көзсіз сеніммен ешқандай пайдасы тимесе де, зияны тимейді ғой деген оймен құрбыларымның айтқанын істедім де, өзім ол туралы ұмытып та кеткен едім. Содан қай уақытта кеткенін, біртіндеп пе, жоқ бір күнде кетіп қалды ма білмеймін. Шай ішіп отырып көзім екі қолыма түсіп кетті. Қарасам қаптаған сүйелдің бірі жоқ. Қуанғанымнан орнымнан қарғып тұрып, секіре беріппін.

Өзім көпке дейін таң қалып жүрдім. Қолымды үнемі тығып жүретінмін ұялып.

фото: goodfon.com

Содан кейін барлығы ұмытылып, баяғы ыңғайсыз сезімдерді ұмыттым. Өз сүйіктімді жолықтырып тұрмысқа да шықтым.

Енді балама да сол сүйел шығып, мазалап отыр. Дәрігерге апаруға уақыт тапшы, жаныңа батып ауыртпаса да адамға жайсыздық туғызады ғой. Қазір балабақшаға барып жүр ұлымыз. Сонда ұлымның тәрбиешісі айтты «Сүйел болсын, басқа да сырқат болсын жаңа туған айға қарап үш рет айтсаңыз, ай қызғанып сол ауруды алып кетеді деген нанымды еститінмін әжелерімізден. Сол ырымды жасап көрсеңізші» дегенде де мән бермеген едім.

Кейін мен осы ырымды жасап жатқан адамды өз көзіммен көрдім. Абысыным баласының құлағы ауырып, дәрігерлер отит деп диагноз қойып, дәрілерін жазып берген екен. Содан дәрігер тағайындаған ем-домды жасап, күтініп жүрсе де сол ауру жиі қайталана берген соң, жылап отырып жаңа туған айға көзі түсіп кетті де айға қарап «дертін айта бастады».

Үш рет қайталады солай.

Таңертең тұрып баласының құлағын қарап еді тап-таза болып тұр екен, абысыным қуанып жүр. Мен де анамын ғой, баласының ауырғаны қай анаға болса да қиын тиеді. Оның жазылып келе жатқанына қарап қуандым.

Абысынымның жасаған осы ырымынан соң мен де қазір қандай бір мәселе туындай қалса, балаларыма жара шықса, бір жері ауырып жатса сол сәтте жаңа туған ай есіме түседі де дереу көріп келемін. Егер ай жаңа туып жатса, осы ем-домды жасаймын. Баяғыда да әжелерімізден «Ай көрдім-аман көрдім. Ескі айым есірке, жаңа айым жарылқа!» деп бата жасап жататын еді ғой. ата-бабаларымыздан қалған ырым-тыйымдардың айға қатысты айтылғандары да көп. Мысалы: «Айға қарап, қолыңды шошайтпа!», «Айға қарап дәрет сындырма!», «Ұйықтап жатқанда ай сәулесі бетіңе түспесін» деген тыйымдар да тектен тек айтылмағандығына сенемін. Сонда айдың да адамға әсері бар. Бірақ мұны айға табыну немесе тағзым ету деуге болмайтын шығар. Алайда әсері бары рас.

Жазып алған: Г.ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«ТОЛҒАҒЫ ЖЕҢІЛ болсын» деген ырыммен көйлегінің шетін жыртты


ОҢнан бастағанның ісі ОҢАЛАДЫ