​ТҮС жорудың да жөні бар

0
2 975

Түсті МЫНА адамдарға жорытпау керек


​ТҮС жорудың да жөні бар

Қазақтың ырымы бойынша «түс сынап секілді болады, оны қалай жорысаң, солай ойысады» деген түсінік бар. Алайда, түске сену мен сенбеу өз еркіңізде.

«Түс – түлкінің боғы» деп елемейтіндер де, тиісінше, әр көрген түсін жақсылыққа балап, жақсылыққа жоритындар да бар. Егер көрген түсіңізден секем алып қалсаңыз, шошып жүрмеңіз. Одан гөрі, сабырға келіп, Алладан пана сұраңыз. Өйткені, бізге Алла елшісінен (с.ғ.с.) жеткен өсиет бар. Әбу Сәләмәдан жеткен хадисте былай делінеді. Ол: «Әбу Қатаданың (р.а.): «Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Игі түс – Алладан, ал шым-шытырық түс – шайтаннан. Әлдекім өзіне ұнамайтын түс көрсе, сол жағына үш рет дем үрлесін және оның кесірінен Аллаһқа сыйынып пана сұрасын, сонда ол оған ешқандай зиян келтірмейді», – дегенін өз құлағыммен тыңдадым», – деп айтқанын естідім», – деген.

Бұл мұсылман өмірінде түс көрудің де өзіндік әдебі бар екенін көрсетеді. Осы хадисті оқып білген соң, қандай түс көрсеңіз де, уайымдамасаңыз болады. Көрген түсіңізді тек қана жақсылыққа жорисыз. Нашар түс көрсеңіз лағынеті шайтаннан Аллаға сыйынып, сол жағыңызға түкіресіз. Бар болғаны осы.

Адамның көрген түсі оның өміріне әсер етеді. Ал оның әсері көбінесе жорығанға байланысты. Қазақта «Түсті көруінен емес, жоруынан» деген жақсы сөз бар.

Түсті түстен кейін жорымайды және әйелге, жездеге, жиенге жорытпаған.

Қазақ түсті ешқашан жаманға жорымаған, тіптен, қалжыңдап болсада жаманға жоруға тиым салып отырған. Сонымен бірге түсті түстен кейін жорымайды, әйелге, қалжыңдасатын жезде-балдыздарына, жиендеріне түс жорытпайды. Есесіне, аузында дуасы бар адамға жорытқан.


Бірде атақты Мөңке би түсін Сырым батырға жорытпақ болған. Сырым түс жорудың жолын Мөңкенің ұзатылып кеткен қызына беруді ұйғарады. Қыз түстің жайын білген соң Сырымға:

– Түсті жездеңе жорытпа, жиеніңе жорытпа, әйелге жорытпа деген сөз бар еді. Сонда да айтайын, – дейді.

Түс – адал түс, қияли түс, шайтан түс деп үшке бөлінеді. Мұны қай түске жатқызарымды білмеймін, бірақ оның шешуі мынадай: «40 ат дегеніміз – мұсылманның 40 парызы орындалмай қалатын заман болады екен. 30 аттың бәйгеден келмей қалатыны – 30 күн ораза ұсталмайтын заман туады екен. 5 аттың төртеуі келмей, біреуінің келгені – бес уақыт намаз қаза болып, оны біреу оқып, біреу оқымайтын кез келеді екен. Қасқырдың шыққаны – кісінікін тартып алып, ұрлап жейтін зорлықшылар заманының туатыны шығар. Түлкінің шыққаны – алдаушы мен арбаушы көбейетін, түлкідей бұлаңдаған заманның күтіп тұрғаны шығар. Қоянның шыққаны – ұрпағымыз үрейленіп өсетін, көлеңкесінен қорқып жүретін заман болар», – деп жорып беріпті.

Осыны айтып болғаннан кейін Мөңке бидің қызы: – Маған түс жорытқандарыңыз қате болды, күндердің күнінде әйел билеген заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді, – депті.


Осындай мысалдардан-ақ түс жорудың да өзіндік реті мен жолы болатынын аңғарамыз. Сондықтан, көрген түсімізді барынша жақсылыққа жориық, шын жанашыр, жақсылық тілей алатын адамдарға, аузы дуалы, айтқаны орындалатын адамға жорытқан жөн.


Түс садақасын беру

Қазақ түс көріп оянғаннан кейін түсті жақсыға жориды да «түс садақасын» берген. Ол үшін кейде итке тамақ берген немесе қасындағы адамдарға «түс садақасы» деп ақша не құнды зат берген. Кейде мешітке барып, құран оқытып, садақа тастаған.

Бұл да – түсті жақсыға жорып, жақсылыққа жетуге талпынған ниеттен туған жақсы ырым. Сондықтан кез келген түсті «түс түлкінің боғы» деп айтады немесе тек жақсылыққа жориды.

Ал, жаныңыздағы қылжақбас, әзілдесіп жүретін құрбы-құрдастарыңызға түсіңізді айтуда абай болыңыз. Әзілі жарасқан досыңыз болса да, сізді күлдіремін, қалжыңдаймын деп түсіңізді әбестікке жорып жіберуі мүмкін. Әдейі емес, бірақ қалжыңы жарасқан құрдастың да әдеттегідей қалжыңдаймын деп сынаптай сырғып тұрған түсті бұрып жіберуі де мүмкін. Көрдіңіз, түсті игілікке жорыған. Түс жоруда дүние ғана емес, ақырет те назарға алынған. Бұл, әлбетте, түс туралы өте терең түсінік.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«ИТАЯҒЫНА САЛУ» дәстүрін жаңғыртып жүрміз бе?


Сәбидің аузынан "су аға берсе", нағашысы ырымын жасауы керек