​ТЕБЕРІК тек мұқтаж жанға беріле ме?

0
2 962

ТЕБЕРІК - "жұғысты болсын!" деп жақсылықтан үміт еткенде ырымдап алынатын сый.


​ТЕБЕРІК тек мұқтаж жанға беріле ме?

фото: amin.kz

Ешбір сый таба алмасам, аға, Саған

Әппақ тонын - атамның тәбәрігін

«Жүзге кел!» деп арқаңа жаба салам!

(М. Мақатаев)

Теберік деген сөзді естігенімізбен, түсінігіміз әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы мен осы кезге дейін теберік деген қайтыс болған үлкен кісінің тұтынған заттарын жақындарына таратып беру деген түсінікте болатынмын. Марқұмның жақындарына көңіл айта барғанда қазаға көңіл айта келген адамдарға жарты кез мата мен ине-жіп беріп жатады. Соңғы кездері матаның орнына кәдеге жарайды ғой деп ас үйде қолданылатын майлықтар таратады. «Осы кісінің жолын берсін, сол кісі секілді ұзақ өмір сүріп, немере-шөбере сүйетін жасқа жетейік» деген сеніммен, әсіресе әйелдер қауымы теберікті ырымдап алып жатады. Кей жерлерде мұны «жыртыс» деп те атайды.

Ал өз басым теберікті естелік ретінде көремін. Сексен-тоқсан жыл өмір сүрген, артына мәуелі бақтай ұрпағын қалдырып, оларға өнегелі тәрбие беріп, ізін қалдырған адамның тіршілікте тұтынған әрбір заты теберік. Сол кісінің көзіндей көріп, қастерлеп жүретін, еске алып, бүкіл болмысымен еске түсіретін нәрсе болса, соның бірі осы теберік. Жасы келген кісінің қазасы жақындарына ауыр тигенмен, көңіл айта келген адамдардың «бұл кісінікі той ғой» деп еске алып жататындары да бар. Әрине, өмір бар жерде өлім бар екендігін түсінетін, қабылдай білетін адам бұған ренжімеуі тиіс. «Асарын асады, жасарын жасады. Ұрпағына жақсы үлгі қалдырды» деп саналы ғұмырында ұрпағының қалыптасуына арнаған жаннан теберік алуға ұмтылу да жақсы үрдіс.

фото: syrboyi.kz

Бірақ теберік деген тек осындай жағдайда ғана берілмейтінін жақында білдім. Өйткені,теберік сөзі (тәбәррук) сөзі бізге араб тілінен енген, мағынасы-бұл қандай да бір нәрсе (зат) арқылы игілік-береке іздеу және оны қабылдап алуға ұмтылу.

«Жақсы сөз-жарым ырыс» деп халқымыз қашанда жақсы сөз айтуға, жақсы ниетте болуға талпынған. Сондықтан, жақсылықтан үміттенген адам теберікті сыйлық деп қабылдайды. Ауыспалы мағынасы да осы.

Кейде «менен теберік болсын» деп үлкен кісілер өздері бір бұйымын естелікке беріп жатады. Тойдан да теберік алуға болатынын біреу білсе, біреу білмес. Мысалы, құдалық тойда әртүрлі жоралғылар, кәделер жасалынады. Кәдесый алған адам оны жанындағылармен бөлісіп жатады. Бұл да бір қуаныш, осындай тойға, құдалыққа біз де жете берейік деген жақсы ниетпен келіндер жағы теберік сұрап жатса, бұл айып емес, керісінше алған олжасынан бөліп бермеген адам дәстүрді сыйламаған немесе сараң адам деп есептеледі.

Қазір дәстүрдің де орындалу ретін бұзып алып жатқанымызды өзіміз білмейміз, өйткені ата-бабадан жалғасқан дәстүрді әркім өз білгенінше жасайтыны да жалған емес.

Мұндай жағдайларды әрқайсысыңыз өз өмірлеріңізде кездестіріп те жүрген боларсыздар?

Жетпістен асып, дүние салған әжеміздің жаназасын шығарған соң оның тіршілікте қолданған бұйымдарынан бөлек, су жаңа киім-кешекті де теберік деп таратқанының куәсімін. Өйткені, қазір ешкім киілген киімді ұсынбайды, өзінің ұл-қыздары, келіндері ғана пайдаланылған заттарын алуы мүмкін, ал құда-құдағиларға жаңа киім үлестіреді. Бұл салтымызға да, дінге де қайшы екенін біле тұра «ұят болады» деп жалған намысқа тырысатын жандардың қатары аз емес. Сондықтан дәстүрден аттамауды әркім өзінен бастаса ешкім де ұтылмайтыны анық.

Гүльвира Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Қазақ баланың санын да ҚАМШЫ арқылы білген


«ҚАЛАУ АЙТУ» дәстүрін ДҰРЫС түсінбейтіндер бар