​СЫНЫҚ АЙНАҒА ҚАРАМА: бұл ТЫЙЫМдардың мәні бар

0
4 122

Жиі кездесіп тұратын ырым-тыйымның мағынасын білгіңіз келе ме?


​СЫНЫҚ АЙНАҒА ҚАРАМА: бұл ТЫЙЫМдардың мәні бар

фото: for-teacher.ru

Күнделікті өмірімізде жиі кездесіп жататын, жиі қолданылатын ырымдар бар. Олардың қанымызға сіңіп кеткені сонша, өміріміздің бір бөлігіне айналып кеткендей.

Бірақ осындай ырым-тыйымдар көп болғанымен, оның мәнісін түсіндірмей тыйым салумен өскен ұрпақ өзінен кейінгілерге де мұны жіктеп түсіндіріп бере алмасы анық.

Сондықтан ырым-тыйымдардың түпті мәнісі туралы білуге ынтықтық әрқайсысыңыздың бойыңызда бар болса керек. Ендеше ел арасында қолданылып жүрген ырым-тыйымдардың мәнін тарқатып көрейік.


Бұрышқа ОТЫРМА!

Кез-келген бұрышқа отырған жақсылық емес. Әсіресе дастархан басында отырғанда «дастарханның бұрышына отырма, жалғыз қалып қоясың» дегенді естіген шығарсыздар? Қыз бала болса, тұрмысқа шықпай қаласың дейді, ұл балаға үйленбей қалуың мүмкін деп тыйым салып отырған. Бұл басқа елден келген ырым-тыйым болуы да мүмкін. Өйткені қытай халқында «бұрышқа отырған адам жеті жылға дейін кедейленіп қалады» деп ырымдайды екен. Қытайдан бастау алатын фен-шуй ілімі де қандай бұрыш болса да адамның игілігіне, денсаулығына, әйел мен ердің бір-біріне деген қарым-қатынасына теріс әсер етеді деп сенеді. Абзалы бұрышқа отырмаған жөн.


Босағада тұрып қоштаспа!

Қазақта есік алдында тұрып шаруасын айтпайды, от ала келген адам болса да асығыс шаруасын айтып, дәм ауыз тиіп аттанатын болған. Босағада амандық-саулық сұрасуға болмайтыны секілді, босағада тұрып қоштасуға да болмайды. Табалдырықтың екі жағында тұрған адамдардың бір-бірімен қоштасуы олардың арасындағы алауыздықты туғызады деген наным бар. Себебі босаға екі дүниенің ортасын бөліп тұрған энергетикалық тосқауыл деп есептеледі. Бұл шекара көрінбесе де, адамдарды екі тарапқа бөліп қояды.


фото: for-teacher.ru

Нашар көңіл-күймен жүріп ас пісірме!

Егер көңіл-күйіңіз тым нашар болып, ауырып тұрсаңыз, әлдекімге ренжіп ашулы кейіпте болсаңыз, ас пісірердің алдында ойланыңыз. Көңіл-күйіңізді орнықтырып, қалыпқа түсуге тырысыңыз. Себебі сіздің жасаған тамағыңыз отбасы мүшелеріне зиян келтіруі мүмкін.

Нашар көңіл-күймен жасалған тамақ негативті энергияны бөледі.

Бұл ұдайы көшеден тамақтанатындарға да қатысты, ас пісірген адамның қандай көңіл-күйде болғанын білмейсіз, сондықтан мейлінше үйден тамақтанған жөн.


Адамға ту сыртыңды берме!

Яғни, кісіге теріс қарап, жон арқаңызды беріп тұруға болмайды. Сізге де біреу арқасын беріп теріс қарап тұрса бұл энергетикалық жағынан әлсіз қорғанып тұрсыз дегенді білдіреді. Әсіресе қоғамдық көліктерде бұндай жәйттар жиі кездеседі. Үйге келген соң немесе жұмысыңызға барған соң, күш-қуатыңыз таусылып, шаршаңқы күйде болсаңыз, бұл соның әсері деп білгеніңіз жөн.

Өйткені, арқа адамның энергетикалық ең әлсіз қорғалған тұсы. Біреуге арқаңызды тассаңыз, күш-қуатыңыздан ажырайсыз.


Бұрышқа тығылма!

Бала күнімізде «бұрышқа тұрғызу» жазасын қолданушы еді ғой, мұғалімдеріміз немесе анамыз. Мұның сырын олар білмеген болуы да мүмкін. Алайда бұрышқа тұру адамның күш-қуатын сорып алатын көрінеді.


Сынық айнаға қарама!

Сынық айнаға қарау адамның жүзі сынық, денсаулығындағы мәселенің туындауына алып келеді деп сенеді.


Сұқ саусақты адамға бағыттама!

Бұл әдепсіз қылық әрі жағымсыз көрініс. Әсіресе науқас адамға қол шошайту жаман ырым. Өйткені саусақ шошайту арқылы ол адамның ауруын өзіне тартып алады деген түсінік бар.


Жарты жолдан қайтпа!

Үйден шығып, біраз қадам тастаған соң, әлдене есіңе түсіп, артқа қайтуға болмайды. Бұл тыйымды білсеңіз, өз-өзіңізге ұқыпты болып, үйден шығар алдында «ештеңені ұмытып кеткен жоқпын ба?» деп ойланған болар едіңіз.

Бұл тыйым адамды ұшқалақтықтан, асығып-аптығып жүруден сақтаудан шықса керек. Сондықтан орта жолдан кері қайтса, адамның жолы болмай қалады деп есептейді. Бұл да күш-қуаттың кеміп, жолдың жабылуына әсер етеді.

Егер шындап артқа қайту керек болса, ең маңызды затыңызды ұмыт қалдырсаңыз, онда үйге кірген соң, біраз отырып, бір кесе су ішіп, одан кейін қайта шығыңыз.


Міне, күнделікті өмірде қолданғанымызбен мән-мағынасын жете түсінбейтін осындай ырым-тыйымдардың түпкі мақсатын ұғынған болсаңыз, қарапайым ғана әдеттерді бойыңызға сіңіре жүріңіз.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


«ҚҰРСАҚШАШУ» тойын НЕ ҮШІН жасаған


Балаға көйлекті неге ТЕРІС КИГІЗЕДІ