​Нәрестенің шашын 40 күнде ала ма, 7 күнде ме? ҚАЙСЫСЫ дұрыс?

0
12 946

БҰЛ қазақтың салты ма?


​Нәрестенің шашын 40 күнде ала ма, 7 күнде ме? ҚАЙСЫСЫ дұрыс?

фото: medialeaks.ru

Қазақтың салты бойынша нәресте дүниеге келгеннен бастап жасалынатын әдет-ғұрыптар, ырымдар мен жоралғылар көп. Нәресте өмірге келгеннен кейін, қазақтың салты бойынша қырық күнге дейін ол адам қатарында саналмайды. Яғни, қырқынан шықпаған сәбиді жер баласы демейді» деген сөзді сіз де естіген боларсыз?

Қырық күнге дейін жас босанған анаға да, сәбиге де ерекше күтім қажет. Жас сәбидің буындары қатайып, ет пен сүйегі біріксін деп қырық күнге дейін жұрт көзінен тасада ұстап, тіл-көзден қорғаштаған.


Біз білетін ежелден келе жатқан, ата-бабамыздың ұстанған дәстүрі осындай.

Қырық күннің қасиетін білген адам дәстүрге қарсы шықпаған. Ал бүгінде шариғат заңын алға тартып, қазақтың байырғы салты мен ұстанымдары біртіндеп кенжелеп қалып жатқан сияқты.

Дегенмен, әр адамның өз отбасындағы ұстанымдарына байланысты салтымыз орындалып жатыр.

Әрине, шариғат заңы дұрыс емес, тек қана ата-бабамыздың ұстанған салт-дәстүрлері орынды деп түбегейлі бір пікірде қатып қалу қалу емес. Дегенмен, санамызға кішкентайымыздан сіңіп қалған дәстүрлерді де ысырып тастай алмайтынымыз шындық қой.

фото: kidbooms.ru

Нәрестенің қарын шашын алуды қырқынан шығарар кезде, қырық қасық суға шомылдырып, суға күміс бұйымдарды, күміс тиындарды салып, тіпті кей жерлерде осы суға қырық құмалақ салады дегенді де естиміз, солай сәбиді қырқынан шығарып, кішігірім той-думан етіп өткізеді. Қарын шашын алу мерзімі әрине, әр ата-ананың өз еркіндегі, өз қалауымен жасалатын жағдай ғой, дегенмен шариғат бойынша бала туылғаннан соң бір аптаның ішінде, яғни жеті күннен соң, қарын шашын алып, сол шаштың салмағындай күмістің құнымен садақа етіп беруге міндетті.

Мұны да шариғат жолымен жүретін, дінді берік ұстанған көршімнің отбасындағы жағдайдан хабардар болдым. Көршімнің үйінде кішкентай нәресте өмірге келіп, құтты болсын айта барғанымызда дәл осындай көріністің үстінен түскенмін. Бұл жайлы естіген бір бөлек, көзбен көрген бір бөлек екен. Сол кезде тағы да біраз жайттардың куәсі болып, бұрын-соңды білмеген мәліметтерді көкейіме түйіп қайттым. Нәрестенің қарын шашын жеті күнде алып, сол шаштың салмағындай күмістің құнын садақа ретінде беру керек деген ұстанымдағы көршімнің айтуынша, бұл амалдың екі түрлі пайдасы бар екен.
Біріншіден, бала өте ақылды болады. Шашты алу нәрестенің құйқасының, жалпы ағзасының күшеюіне әсер етеді. Екіншісі-әлеуметтік пайдасы. Оның шашының салмағындай садақа беру мұсылман қоғамындағы әлеуметтік ынтымақты нығайтады. Сонымен қатар, бұлай ету шаш пен тырнақтың тез өсуіне әсер етеді дейді.


Көптеген ата-аналар қарын шашты бір жыл ішінде алады. Баланың тілі шығып, есейген соң тілек айтып, той жасап алатындар да бар. Бұл бізге өзге ұлттан ауысқан салт па, белгісіз. Бірақ, еліміздің батыс өңірінде де баланың бір жасқа толған тойымен қосып, қарын шашын алатын, тұсауын кесетін дәстүр бар екен. Баланың қарын шашын алуға да жауапкершілікпен қараған халқымыз сәбиінің қарын шашын кім көрінген адамға алғызбаған. Қарын шашты екінің бірі ала бермейді.

Сәбидің шашын алғаш рет аталас туыстардың ішіндегі немесе ауылдағы көпті көрген қария алуы қажет. «Баланың шашына бірінші кімнің қолы тисе, сәбидің мінез-құлқы сол адамға ұқсайды» деп ырымдаған. Ал қазір сәбидің қарын шашын нағашысына алдыратын дәстүр де пайда болыпты. Мүмкін, «жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деген мақалға сенгендіктен, солай болып жатқан шығар.


Сондай-ақ, нәрестенің шашын алғаш рет алатын болғандықтан, шаш алатын ұстараға немесе қайшыға ерекше көңіл бөлген. Шаш алатын ұстара өткір болса, баланың да тілі сондай өткір болады деп сенген. Ал ұстараның ұшы нашарлау болса, бала бос белбеу, сылбыр болып өседі деген сенім болған. Сондықтан қазақ халқы қарын шашты алатын ұстараны жаңадан сатып алған, оны басқа мақсатта қолданбай, сақтап қояды. Келесі бала туылғанда осы ұстараны тағы да бір рет мүмкіндігінше қайрап алған. Бұрын қолданылған ұстара болса, кейін баланың мінезі қырсық болып, басы ауырады деп қорыққан. Тіпті, жұқпалы ауруға ұшырайды деп сенген.

Қалай десек те, әр халықтың таным-түсінігіне, наным-сенімдеріне байланысты қарын шашты алу жүзеге асып жатады. Дегенмен, нәрестенің қарын шашын алуды жеті күннен соң орындайсыз ба, әлде қазақтың салты бойынша, қырық күнге дейін күтіп, содан кейін ат шаптырып, той жасап, тырнақ-шашын аласыз ба, ол әр адамның өз еркі. Өйткені, өз баласына ненің жақсы, ненің дұрыс екенін әр ата-ана өзі шешуі тиіс. Десек те, салт-дәстүрді құрметтеу парызымыз, дәстүр де ұрпақтың қамын ойлағандықтан шыққаны анық.

Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Ер адам БЕЛДІГІН ешкімге сыйламайды