​МҰНЫ қызы БОЙЖЕТЕ бастаған үй жасайды

0
4 757

Тек үлкендердің рұқсаты мен бақылауы қажет.


​МҰНЫ қызы БОЙЖЕТЕ бастаған үй жасайды

иллюстрациялық фото: vestikavkaza.ru

Қазақ тарихында той-думаннан кенде болмағанын, кішкентай ғана мүмкіндік болса оны да босқа жібермей, думандатып, уақытты көңілді өткізуге, бой жазуға тырысқанын білеміз.


Дәуірлер бойы жалғасып келе жатқан сондай дәстүрлердің бірі «БАСТАҢҒЫ» дәстүрі.

Қазіргі күнде бұл дәстүрдің тікелей атауын білмесе де, тек жастар жағы жиылып, басқосу ұйымдастырады. Әрине, бүгінгі күннің «сауық кеші» мен «бастаңғының» мағынасы бір болғанымен, айырмашылықтар өте көп, салыстыруға да келмейді тіпті.

Бұл дәстүрдің екі түрлі мәні бар екен. Яғни, қыз балаға да, бозбалаға да қатысты. Оның алғашқысы баласының үйде отырып томаға-тұйық болып қалмауына, елмен араласуына, замандастарымен жақын танысуына жол ашу, қонақ күте білуге баулу. Енді бірі -қызды қазан-аяқ ұстауға, дастарқан жасай білуге үйрету. Сондықтан бастаңғыны көбіне қызы бойжете бастаған үйлер жасаған.


Қазақта «шешесі қыдырмашының қызы бастаңғышыл болады» дейтін сөз бар. Бұл да әр нәрсенің орны мен шегі болатынын ескертеді. Сондықтан, ауыл жастарының оңаша қалып, бастаңғы өткізуіне де үлкендердің жауапкершілігі, қадағалауы қажет болған. Ата-ананың рұқсатымен ғана сол ауылдың жастары бастаңғыда бас қосқан.


Бастаңғы жасайтын кезде шешесі бастаңғыға келетін жастарға арнап ас-тамақтарын қалдырады. Болмаса мал қалдырып кетеді. Бастаңғыда жігіттер жағы қой сойып, отын жарып, қыздар дастархан жайып, тамақ пісіріп, қонақ күтудің әдептерін үйренген. Бұл жастардың тұрмыстық шаруаларға араласып, ересек өмірдің дәмін татып, келешекте жігіттері отағасы, қыздары отанасы болуға дайындалатын жақсы ниеттен туындаған дәстүр.


фото: weblancer.net

«Қызға қырық үйден тыйым» деген берік қағиданы ұстанған қазақ қыздары, әдетте мұндай басқосуға жеңгелерімен немесе іні-қарындастарымен бірге келетін болған.

Кейде жиын қызықты өтуі үшін сал-сері бозбалалар да шақырылған. Бастаңғыға жиналған қыздар үйлерінен құрт-май, қант-шайларын өздері әкеліп, ортақ дастарқан жайған кезеңдер де болады.

Сол кеште әндетіп-сәндетіп, қисса-дастан айтып, жұмбақ жасырып, неше түрлі ойындарды араластырып, әзіл-қалжыңмен, күлкімен өткізеді.


«Алтыбақан», «Ақсүйек» секілді жастарға арналған, қазақтың ұлттық ойындары да осы бастаңғы дәстүрінде орындалады.

Дәстүрдің атауы «бас» және «таңғы» сөздерінен құралған. Ертеректе қазақтар алыс сапарға аттанғанда басына мата таңатын болған. Осы орайда орын алатын бастаңғы- жастардың көңілді кеші, ғашықтардың бір-бірімен сыр шертісіп, қыз-жігіттің танысуы ғана емес, жолаушылап кеткен үлкендердің тілеуін тілеп, ізгі ниетте болуға үндейтін жақсы үрдістердің бірі.

Нұр Әлем,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Құданың МОЙНЫНА АРҚАН САЛЫП ТАРТУ қазақ салтында бар ма?


МҰНДАЙ ЫРЫМды естігенсіз бе?