Күйеуге «ҚАПҚА САЛАР» бердіңіз бе?

0
3 735

Күйеу баланың алғаш рет қайынжұртынан алған сыйлығы қалай аталады, білесіз бе?


Күйеуге «ҚАПҚА САЛАР» бердіңіз бе?

фото: sultankhan_kazakhstan

«Жиған-тергенің тойға шашылсын!» деп тілек тілейтін қазақтың көптеген салт-дәстүрлері де осы тойға байланысты туындаған екен. Ал той халықтың қазынасы, сондықтан той сый-сияпатсыз болмайды.

Сый-сияпат көңілдерді жібітеді, мейірімді арттырады, сыйластықты сақтайды деген сөз қазақта ғана емес, діни тұрғыдан алып қарағанда да құпталатын жақсы амалдардың бірі.

Әр адамның көңіліне жол таба алатындай сыйлықтың түрлері болады. Ең бастысы көңілде. Сыйлықтың құндылығы оның қымбат немесе арзандығымен өлшенбейді десек те, әр сый-сияпат орнымен болғаны дұрыс.

Ол сыйлық кісінің көңіліне тимейтіндей, керісінше қуанта алатындай болса керемет.


Мұны құдалық жоралғысын жасағанда орындайды. Яғни, қызды алып кетуге келген құдалар жаққа арнайы құдаларға тарту етілетін сый-кәдесін жасап, киіт кигізілген соң, сол әулетке жаңадан қосылып жатқан жаңа күйеу балаға қайынжұрты тарапынан берілетін алғашқы сый-кәде. Бұл сыйлық «қапқа салар» деп аталады.


Қыз өз үйінен аттанар алдында қыздың әкесі барлық құдаларға киіт кигізеді. Сонымен қатар, күйеу баласына да сыйлық береді. Бірақ күйеу балаға берілетін сыйлық «киіт» емес, «қапқа салар» деп аталады.

Мұны да мен бір құдалықта естігенмін.

Бір апаның қайта-қайта күйеудің «қапқа салары» қайда? Ұмытып кетпей, оны да алдына қойыңдар деп ескертіп жатқанын көріп, «қызық, ол не болуы мүмкін?» деп ойланып қалдым.

Ол бағалы киім, қымбат ер-тоқым, жігіттің керек-жарақтары немесе мал болуы мүмкін. Қазіргі кезде қайынатаның мырзалығына, дәулетіне байланысты екені анық.

фото: kazislam.kz

Ал қалыңдығын алуға келген күйеу жігіт барлық жол-жоралғыларымен, яғни құдалықтың кәделерімен келеді. Соған сай жаңадан құдаласып отырған жандар бір-бірінің мерейі мен мәртебесін әкелген сый-сияпаттарына қарап бағалайтын болған.

Қазір де ол үрдіс жалғасын тауып келеді. Бірақ бұрынғы кездегідей мал мен қару-жарақты сыйға тартудың орындары алмасқан.

Жағдайға қарай «қапқа саларға» костюм-шалбардан бастап, бағалы күрте, тіпті көлік те мінгізетіндер бар. Қазіргідей бәсекелестік артқан заманда тойды қалай даңғаза етіп өткізсе, жаңа құдалар да бір-біріне киіттің қымбатын, бағалысын кигізуге құмартады.


Әрине бұрынғының «бай мен бай құда болса, арасында жорға қатынайды, кедей мен кедей құда болса, арасында дорба қатынайды, бай мен кедей құда болса, бір-біріне зорға қатынайды» деген сөз әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ.


Қайынжұртының сый-сияпаты әрине күйеу балаға деген құрмет. Күйеу жігіт те қалыңдығының ата-анасына, оның туыстарына құрметпен қарап, оларға қамқорлықпен қарауы тиіс.

«Қапқа салар» күйеу жігіттің қайынжұртынан алғашқы алған сыйлығы болғандықтан, барынша күйеу жігітке ұнауы және оны өзі игілігіне қолданғаны дұрыс.

Нұр ӘЛЕМ,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«БҮЙРЕК» бауырмал болуға жетелейтін САЛТ


Қай кезде «ШӨП СЫНДЫРУ» керек