​КЕЛІН қандай жағдайда ТӨРГЕ шыға алады?

0
5 233

Мұның астарында ұрпаққа тәрбие берудің бастамасы тұр.


​КЕЛІН қандай жағдайда ТӨРГЕ шыға алады?

иллюстрациялық фото:everything.kz

Күнделікті болмаса да, жиі естіп жүрген «келін төрге шықпайды», «жүкті әйел шашын кеспейді», «келін күйеуінің туыстарын атымен атамайды», «келін үлкеннің алдын кесіп өтпейді» деген секілді келінге қатысты ырымдар қазақ қоғамында бұрыннан бар.

Десек те, бұл ырым-тыйымдардың қайдан шыққанын, неліктен «шектеу» қойылғандығын ешкім де дәл түстеп, тарқатып айтып бере алмайды.

Алпыс екі тамырында ата-баба қаны айналып жатқан қазақ баласына әдет-ғұрып, салт-дәстүрлермен қатар, тыйым сөздердің қадірі қаншалықты маңызды екенін түсіндірудің өзі артық шығар, бәлкім.

Дегенмен мұның барлығының ар жағында үлкен тәлім-тәрбие жатқанын барлығымыз да жақсы түсінеміз.

Негізі ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан салт бойынша келіннің төрге шықпауы бұл әдеп. Келіннің әдебі отбасы мен қоғамның қарым-қатынасын реттейтін күшке ие. Келін дегеніміз - ең алдымен адамның әлеуметтік мәртебесі.

Әйел адамға қатысты ырымдар өте көп. Себебі әйел отбасындағы басты адам, ол үйдегі берекенің ошағы, қарым-қатынастағы басты дүниелер әсіресе келінге байланысты. Оған жауапкершілік көп артылады. Үлкендердің өзі келінге қарап бой түзейді.

Сондықтан, келінніңөз орнын біліп төрге шықпауында қарым-қатынасты реттеуден тыс тәрбиелік мәні де бар. Бұл келінді төмендету емес, сәйкесінше келінге қарап сол әулеттің адамдары өзін тәрбиелейді.

Ол ғана емес, бұл жастарға, ер адамдар мен жасы үлкен келіндерге де қатысты. Келінге тіпті төрде тұрған жүк, сандыққа қол тигізуге, жақындауға болмайды. Бұл әркім өз орнын білуі керек дегенді білдіреді.

(фото: kaz.nur.kz)

Келін шаңырақтың иесі болғанда ғана төрге шығады. Ал қай кезде шаңырақтың иесі саналады? Өзінен өзге үлкен адам қалмағанда, яғни, қара шаңырақтың үлкендері өмірден өтіп, жылдығын бергеннен кейін үйге ие болып қалған келін төрге шыға алады. Осыған дейіноң жақта тұрған төсегін сол жаққа қарай ауыстырып салу керек болады. Бұл енді сол шаңырақтың иесі деген мағынаны білдіреді. Осы кезде арнайы мал сойылып, үлкендер шақырылып, олардың көзінше төрге төсек салынады.

Кейінгі түскен келіндермен де солай болады. Айналып келгенде бұл құрмет, нығмет, әдеп деген сөздермен байланысады. Келіннің төрге отырмауы тарам-тарам тарқатылып жатқан әдептің біреуі ғана. Қазіргі жастар онда тұрған не бар деуі де мүмкін. Бірақ сол арқылы отбасылық принцип, ауқымдырақ ойласақ, ел принципі қалыптасатынын ұмытпағанымыз жөн.


Өзім де жас болдым, жас келін болып босаға аттағанда да осындай білместіктің әсерінен ыңғайсыз жағдайға қалғаным да бар. Мүмкін бұл менің кінәм емес шығар, ата-анамның да кінәсі деп айта алмаймын.

Өйткені ата-анам маған дұрыс тәрбие берді, дегенмен, «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, біздің өңірде мұндайға аса мән бермегеннен соң, келіннің төрге шығуы ерсі қылық деп ойламайтынмын.

Керісінше «келінді қызымдай көремін» деп келіннің орны «еленбей» қалып жатқаны да жасырын емес.Ата-ененің алдында орамал тартып, сәлем салудан «босатылған» келіндер тіпті ұзын етек көйлек киюді де азайтты.

Сайып келгенде мұның барлығы да «заман өзгерді, ескіліктің сарқыншағын пайдалануды қажеттілігі бар ма екен?» деп ойлайтындарға ой салсын. Менің келін болып түскен жерім, салт-дәстүрді берік ұстанған жандар және әркім тиісінше өз орнын біледі. Сондықтан, келін мен қайынатаның, қайынағаның арасындағы белгілі бір шегарадан аттап өтпеу, иба сақтау көптеген келеңсіздіктерден сақтайтынына шүбәм жоқ.

Мен көп нәрсені білмейтін едім, алдымдағы абысынымнан үйрендім. Ол кісі төрге аяқ баспайды, оны да мен басында аңғармадым. Ол төрді жинауды, төр жақты сыпыруды үнемі қызына тапсыратын еді.

Мұның мәнісі неде деп үңіліп көрмеппін. Бірақ бір күні «абысын, Еркеқыз сабағына кешігіп барады, өзім-ақ жинай саламын ғой» деп төрдегі көрпешені алуға бара жатыр едім, қолымнан шап беріп ұстай алды.


«Ол жаққа баруға болмайды ғой саған. Төрді баспа! Сен мұнда келінсің. Сондықтан, ата отырған жерді аяғыңмен баспа! Ол ғана емес, жалпы атаның киетін кебісін де аяғыңа сұғушы болма! Бұл атаға деген, осы әулетке деген құрметсіздік болып саналады» деген болатын.


Абысыным осылай түсіндіріп бермесе, мен де келіннің неліктен төрге шығуға болмайтынын түсінбеппін. Мен секілді бұл дәстүрдің мағынасын білмейтіндер болса қаперінде жүрсін. Әрбір қыз баласы, болашақ және жас келіндер, жалпы шаңырағының иесі бар келіндер осыны ескерсе екен.

Нұр Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


МҰНЫ қызы БОЙЖЕТЕ бастаған үй жасайды


Құданың МОЙНЫНА АРҚАН САЛЫП ТАРТУ қазақ салтында бар ма?