​«ҚАЛАУ АЙТУ» дәстүрін ДҰРЫС түсінбейтіндер бар

0
4 344

Бұл дәстүрдің қайдан, не себепті шыққанын білуге бөле сіңлімнің реніші себеп болып еді.


​«ҚАЛАУ АЙТУ» дәстүрін ДҰРЫС түсінбейтіндер бар

«Қалау айтудың жөні осы екен» деп жөн-жосықсыз біреудің мүлкіне көз тігуге де болмайды. Оның да реті бар, жоралғысы бар.

Өзім куә болғанымдай, құрбысының немесе әпке-жеңгелерінің бір бұйымы қатты ұнап қалса, «қаладым» десе, сол қалауын орындап, ұнатқан затын беруі керек деген де түсінік бар. Алайда, адам кез-келгеннен бағалы немесе көңіліне жаққан затын алып кете берсе, бұл дәстүріміздің де сыйы қашады емес пе?!


Бұл дәстүрдің қайдан, не себепті шыққанын білу үшін осы дәстүр туралы ізденуіме бөле сіңлімнің реніші себеп болып еді.

Екеуміздің жас айырмашылығымыз бір жас. Тете өскендіктен, арамыздағы бір жас айырмашылығы да байқалмайды. Бір-бірімізге сырымызды да, ақылымызды да айтып, қолымыздан келгенше көмегімізді де аямайтынбыз. Бұл үрдіс әсіресе әке-шешеден жырақтап, бейтаныс қалаға оқуға келген кезде ұлғайған болатын. Екеуміздің де туып-өскен жеріміз ауыл, студент атанған шағымызда екеуміздің мына үлкен қалада бір-бірімізге ең жақын адамдар екендігімізді жақсы түсіндік.

Бір пәтерде тұрдық, жарты нанды бөлісіп жедік. Мұңымыз да, қуанышымыз да бір болды. Тіпті «менікі», «сенікі» деген болмайтын. Киімдерімізді де ауыстырып кие беретінбіз.

Сондай жақын қарым-қатынаста болғандықтан болар, ол менен мұндайды күтпегендіктен, қатты ренжіп қалғаны бар еді.

фото: Pinterest

Арадағы реніштің табы кетуі үшін мен не істесем де ол маған бұрынғыдай емес, суық қарым-қатынас жасайтын болып қалды. Оның себебі де осы «қалау айту» салтынан соң келіп шыққан болатын.

Оның «қалауы» да менің ең қимас дүнием болатын. Мұны өзі де жақсы біледі. Анамның көзіндей көріп жүрген алтын сырғам бар еді. Құлағымнан шешпей тағып жүретін. Бөлем ғана емес, көп қыздар сол сырғаға қызығатын. Ерекше әрі қайталанбас үлгі болғандықтан шығар. Анам оны арнайы зергерге тапсырыспен жасатқан екен.

Кейін сол сырғамды бөлем тағып та көретін. Бірақ бір жерге тағып барып келейінші дегенде бермейтінмін. Оны жоғалтып алудан қатты қорқатынмын.


«Бір күні ол маған «қаладым» деген затты беруі керек екен, әйтпесе ол бұйырмай қалуы мүмкін. Бұл қазақтың дәстүріне кіреді екен, ежелден келе жатқан ғұрып» деп мені айналдыруға тырысты. Қатты қызыққан ғой, сондықтан қалайда алудың амалын жасап, дәстүр мен ырымды ортаға салып, пайдаланып тұр деп ойладым мен. Мен оған илікпедім, бұл сырғаның маған қаншалықты құнды екенін және оны ешкімге бере алмайтынымды айтқанымда бұртиып өкпелеп қалған.


Өкпесін тарқату үшін мен қаншама амалдар жасадым, бірақ оның өкпесі сырғаны бермедің деп емес, көңілімді қайтардың дегеннен шықты. Содан мен «қандай дәстүр екен көрейінші» деп сұрастыра бастадым үлкендерден.


«Дос-жаран, тамыр-таныс, құда-жегжат, ағайын-туыс дегендей көңілі жақын адамдар бір-бірінен ұнатқан нәрселерін қолқа салып сұрап, өтініш сөздер айтып қалап алады. Құрбы-құрдастар «бізден де бір есесі қайтар» деп базынаға сүйеп қалауын алып кетеді. Яғни, ұнатқан затын қалайды. Қалау айтуды екі түрі болады екен.

Бірі - қалаушы адам алатын затының иесіне құр қол бармай, қалаған нәрсесіне лайықты бағалы тарту-таралғы апарады. Тарту-таралғыны көбінде сол үйдің кенже баласына немесе басқадай сүйікті, ардақты деген біреуіне арнап апарады. Үй иесі сұңғыла, жөн-жосықты білетін адам болса мұндай тарту-таралғымен келген қонаққа бірден «Қалауыңызды айтыңыз?» деп сұрайды. Мұндайда қалауы бар қонақ «менің қалауым осы еді» деп қалаған затына қол жеткізе алады.

Ал қалаудың келесі бір түрі алыстан ат арытып келген сыйлы қонақтан, ағайыншылап келген тұқым-жұрағаттан, қыздың жасауын әкелген құдалардан, төркіндеп келген қыздан аттанар алдында «қалауыңыз не?» деп сол ауылдың иелері, көбінесе жасы үлкендері сыпайылап сұрайды. Келген қонақ көңілге алғаны болса айтады және аса бір аяулы зат болмаса, діттегенін алып қайтады. Өз балаларына арнаған бәсіре ат бола ма, әйтпесе ата-бабасынан қалған құнды мұра, қимас жәдігер бола ма сондай аса аяулы затын бере алмаса, үй иесі соған татитын басқа бір мал немесе зат атап, қалайда қалаушыны құр қол қайтармауға тырысқан, оның меселін қайтаруды мін санаған.

Әрине, «айырылар дос ердің артқы қасын сұрайды» дегендейін қалаушы да буынсыз жерге пышақ ұрмайды. Олар көбінде «осыдан меселім қайтпас-ау» деген көңілі жетер сыйлас адамдарына қолқа салады. Мұны үй иесінің шама-шарқына сай, сыйластық негізінде ортаға жүретін жоралғы десе де болады. Қалау айту дәстүрі туралы осындай мәліметтерге қаныққан соң, анамның көзіндей көріп жүрген алтын сырғамның орнына күміс бұйым сыйлайын деп шештім. Арамыздағы реніштің орынсыз екенін, қалау айтудың да өз реті болатынын және оның кісіге ауыртпалық салмайтындай болуы тиіс екенін түсіндірермін. Бөлем де мұны түсінер, маған деген ренішінің де зілі жоқ деп білемін.

НҰР Әлем,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Күйеуге «ҚАПҚА САЛАР» бердіңіз бе?

Қай кезде «ШӨП СЫНДЫРУ» керек