БОҚШАны бойжеткен қыз емес, ҚАРТАЙҒАН ӘЙЕЛ жинайды

0
7 632

БОҚША сөзінің мағынасы қандай?


БОҚШАны бойжеткен қыз емес, ҚАРТАЙҒАН ӘЙЕЛ жинайды

«Боқша жинап жатырмын» деген сөзді ұзатылатын қызы бар әйел немесе ұзатылғалы жатқан бойжеткен қыздың өзі айтқанына құлағымыз әбден үйренген екен.

Басқа жақты қайдам, біздің өңірде қыздың артынан апарылатын жасауды «боқша» деп атап жүр. Мүмкін бұл сөздің түп-төркінін, мағынасын білмегендіктен, қате түсінгендіктен осылай қалыптасып кеткен шығар ел арасында.

Оның үстіне көрші елдің салты да әсер ететін болуы керек, менің ойымша. Көрші ел өзбек халқында да «боқша жинау» дәстүрі бар. Оларда да солай ұзатылатын қызының жасауын, сандығын «боқша» дейді.

Бірақ ата-бабамыздың дәстүрінің негізі бұлай емес екен, оған бір әжеміздің айтқан әңгімесі дәлел бола алатындай.


Қайнағам мен абысыным үлкен қыздарын ұзатуға ниеттеніп, қыздары бойжете бастағаннан сандығына керекті бұйымдарын жинай бастаған еді. Оны абысынымның өзі «қыздың қылтиып бойы көріне бастағаннан боқшасын жинай беру керек, әйтпесе, қыз ұзату, онң артынан апаратын дүниесін түгендеп беру де оңай шаруа емес. Қазақта «алты жастан бастап жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген сөз бар. Одан кешіксең, ештеңеге жеткізе алмай, шашылып қалуың мүмкін» деп күлген еді. Әзілдесе де шынын айтты ғой абысыным. Қыз ұзатып, оның жасауын түгендеп берудің, оның үстіне бір-бірінен қалғысы келмей, бәсекеге түскен мына заманда тіпті қиындап кеткені айтпасақ та түсінікті.

Абысыным екеуміздің өзара әңгімемізге сырттай бақылап отырған енеміздің абысыны араласты. Біз ол кісі «әже» деп сыйлаймыз, құрметтейміз. Ол кісіні көненің көзі, асылдың сынығы деп шежіредей көреміз.

Білмейтінімізді сол кісіден сұрап, ақылына жүгінеміз. Өйткені, шынында да әжеміз тұнып тұрған дария, кемеңгер кісі-тұғын. Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра дегендей, ол кісінің қателескен жері жоқ. Яғни қате кеңес бермейді, білмейтіні болса, көзі жетпегені болса кепілдік бермейтін сондай турашыл адам.


Абысыным екеумізге сол жолы да біраз мәлімет беріп, егжей-тегжейлі «боқшаның» мәнісін, қандай жағдайда, қай жастағы әйелдердің жинайтынын айтып берген еді.

«Боқшаны сендер айтып жүргендер жас қызға, ұзатылатын қызға арнап жимайды. Ұзатылатын қызға арнайы жиналатын бұйымды, керек-жарақтарын қазақ «жасау» немесе «қыздың жүгі» дейтін. Ал, боқшаның орны мүлдем бөлек.

фото: shahri_kazan

Боқшаны әйел кісінің жасы жетпістен асып, қартайған шағында, өмірден аларын алып, берерін беріп, сол жасқа жеткен де, жетпеген де бар деп жинайтын болған. Бұл арғы өмірге дайындалу сапарына кірісу десек те болатын шығар. Өйткені, өмірінің көбі кетіп, азы қалған адам міндетті түрде дайындығын бастайды. Қанша қимастық болса да бұл өмірдің заңы солай. Боқшаны менің жасыма келіңдер, ұзақ жасаңдар деген ырыммен кейінгі келіндеріне, қыздарына өзі өмірден өткен соң, таратып алатындай заттармен толтырады.


Оның ішіне асыл кездеме, яғни, тәуір мата, жүзік, білезік, сырға, көйлек секілді әйелге қатысты дүниелерді салып, даярлап қояды.


Қайтыс болғанда тең туыстарынан бір әйел боқшаны ашады. Боқша ашудан бұрын молда аят оқиды. Содан кейін ғана боқша ашылып, ішіндегі ең қымбатын оны ашқан әйел алады. Басқасын сол орындағы әйел жамағатқа таратып береді.

Ол кезде ел арасында қартамыс әйелдер боқша даярламаса сынға ұшырайтын жағдайлар да кездесіп тұратын. Ал қазір жасы келген қартамыс әйелдердің жасына сай тірліктерге басын ауыртпауы, арулап жерге қойылуына дайындалмауы ұят, әрине. Ешкім де мына жалғаннан кеткісі келмейді, балалары да «жамандық шақырмаңыз» деп боқша жинауына рұқсатын да бермейтін шығар. Бірақ мұны біз айтуымыз керек. Біз секілді әжелер артындағы келіндеріне, қыздарына айтып, дәстүрдің мәнін түсіндіріп отыруы керек. Сонда мұндай түсініспеушіліктер болмайды. Боқша тек әйелдер үшін ғана ұсталады. Осыны ұмытпай, менің айтқандарымды сендер де орындап, сендер де мен секілді келіндерің мен қыздарыңа айта жүрсеңдер, қазақтың дәстүрі, ұстанымдары ешқашан жойылмайды», - деді ол.

Жақында әлеуметтік желіден де "боқшаны жасы келген әйел жинайды" деген мағыналы жазбаны оқып, әжеміздің сөзі есіме түсті. Маған ой салғаны сонша, дәстүрдің өміршеңдігіне қайран қалдым...

НҰР Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


КӨРІСУ - мейрам ба, әлде ҒҰРЫП па?