Балаға ҚАЛДЫҚ ШАЙды ішкізсе, тілі тез шығады

0
1 562

Осындай ырымды естуіңіз бар ма?


Балаға ҚАЛДЫҚ ШАЙды ішкізсе, тілі тез шығады

фото: massaget.kz

Қазақ өзі ырымшыл халық қой. Әйелдің жүкті кезінен бастап, сәби дүниеге келіп, қартайғанша ырым-тыйымдар, жорамалдар жасалады. Соның ішінде сәбиге қатысты ырымдар, болжамдар көп.

Жақсылықтан үмітті ғой әрбір адам. Сондықтан, дүниеге келген сәбидің өмірлі болып, болашағының жарқын болғанын қалайды. Ал болашағы жарқын сәбидің әрине ең алдымен дені сау, жетілуі қалыпты болуы керек. Қазіргі таңда баланың тілі кеш шығып, сөйлеуі тежеліп жатса, дереу маманға жүгіреміз. Әрине заманның талабы солай шығар, бірақ кезінде біздің ата-бабаларымыз ырым еткендей, неге сол жолда жалғастырып көрмеске? Одан сәбиге де, ата-анаға да ешқандай зиян келмейді. Мысалы, баланың тілі тез шықсын деп жасалынатын ырымдар көп-ақ. Солардың бірі балаға қалдық шайды ішкізу.

Сәби әлі сөйлей алмайтын, бірақ ымдап түсіндіре алатын, өздігінен кеседен шай іше алатын шаққа жеткенде, дастархан басында отырған адамдардың шәй ішкен кесесінің түбінде қалған қалдық шайды бір кесеге жинап, оны балаға ішкізгенді мен ғана емес, көпшілігіңіз көрген де боларсыздар?

Ес білген шақтан бастап көргендіктен, менің көзім үйренген. Алғашында аң-таң болғанмын. Ол кезде жасөспірім шақтағы бала кезім. Жазғы демалыста ала жаздай нағашыларымыздың үйіне жиналатын әдетіміз бар ғой. Сонда нағашы әжем өз немересіне дастархандағы бүкіл адамдардың шай ішкен кесесінің түбіндегісін басқа бір кесеге төгіп отырды. Бұл барлық үйде бар үрдіс.

фото: sad12-saltanat.kz

Ең қызығы, сол қалдық шай жиналған кесе толы шайды құлдыраңдап жүгіріп жүрген немересіне ішкізгені. Мен сонда әжемнің бұл ісі қалай? Туған немересіне таза шайды берсе болмас па еді? Неге ол ысырап болмасын деп ішкізді ме екен, суыған шай деп ішкізді ме екен деп өзімше тон пішіп те қойғанмын.

Бірақ ол кезде ойын баласымыз ғой, «неге бұлай?» деп мен де сұрамадым, сол күйі ұмыт болды ол жағдай. Кейін тағы да бір рет дәл осы жағдай басқа жерде қайталанды. Сонда барып бұрын мән бермеген нәрсенің астарын білуге қызықтым.

Анамнан сұрадым бұл жайлы. Өйткені ол кезде де баламын, үлкендерден қаймыққан шығармын. Сол кезде анам маған тәптіштеп түсіндіріп берген болатын.

«Бұл ырым біздің бала кезімізде де бар еді. Әжелеріміз тілі шықпаған балаларға осылай қалдық шайды ішкізіп жататын. Бір жағынан, баланың тілі тез шықсын деген ырым болса, екінші жағынан, киелі дастарханда талай-талай үлкен, абыройлы, аузы дуалы кісілер келіп шай ішеді. Солардың жақсы қасиеттері баланың бойына жұқсын, солардай абыройлы болсын деген ниет. Ұзақ жасаған қариялардың кесесіндегі шайды сарқыт деп балаға ішкізеді. Сол кісілердің жолын беріп, баланың ғұмыр-жасы ұзақ болсын. Көргені мен түйгені көп болсын деген тағы бір ақ тілек жатыр бұның астарында» деп, анам маған барынша ұғынықты етіп жеткізген болатын.

Қазір маған да сол көргендерім әсер етті ме, анасына ымдап, бірдеңені түсіндіре алмай тұрған баланы көрсем кесе түбіндегі шайды ішкізгім келіп тұрады. Бірақ оны дұрыс жағынан түсінбей қала ма деген ой болғандықтан, тартыншақтап қаламын.

Ал осындай ырымның бар екендігін сіз білетін бе едіңіз? Егер білсеңіз, өміріңізде қолданып көрдіңіз бе?

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«БАС құда», «БАУЫЗДАУ құда», « БЕЛ құда» - бұлардың айырмасы қандай?


ЖЕЛді күні ЖЕТІ ҚҰРТ тарату керек пе?