Бала дүниеге келгенде НАҒАШЫ ЖҰРТЫ не істеу керек?

0
10 959

Қуанышты хабарды естіген құда-құдағи міндетті түрде сүйіншісін беруі керек.


Бала дүниеге келгенде НАҒАШЫ ЖҰРТЫ не істеу керек?

Бала дүниеге келгенде жасалынатын амалдар бар. Солардың ішінде қазір баланың нағашы жұрты қыз жасауы секілді етіп, барлық дүниесін жинап-теріп, бесік жасауын алып келеді. оның өзі үлкен тойға айналады.

Әрине, қазақ «той десе қу бас домалайды» деп ерекше қуанады. Ал бала дүниеге келгенде ең алдымен баланың ата-әжесі құда-құдағиларынан сүйінші сұраған.

Ал қуанышты хабарды естіген құда-құдағи міндетті түрде сүйіншісін беруі керек.

Ең алдымен тұңғыш сәбиін өмірге әкеліп, ана атанып отырған жанға ақ орамал сыйлайды. Яғни, сәбидің анасына. Қазақта «ақ жаулықты ана» деген сөз бар, яғни ақ жаулықты тағу үшін ана атану керек. «Ақ жаулықты келін» деген сөзді естігендеріңіз бар ма? Сондықтан, алғаш рет ана атанған сәттен бастап, келін басына ақ жаулық салады.

Жас келін балалы болғанша басына ақ жаулық салмаған, киімінің түсіне үйлестіріп, түрлі-түсті орамал таққан. Қыздың анасы сәбиін босанған қызына арнап алғаш рет сол кезде ақ орамал алып келген. Бұл орамалды жас ана да «анамның ақ жаулығы, анамның көзі» деп өле-өлгенше өзімен бірге сақтаған.

Ал ер адамдар алғаш рет әке атанғанда, яғни тұңғышы өмірге келген соң ақырындап сақал қоя бастаған. Сол арқылы өзге жұрт, яғни көрші ауыл, ауыл-аймақ келіннің ана атанғанын, жігіттің әке атанғанынан хабардар болған. Бұл қазақ халқының даналығын дәріптейтін дәстүр емес пе?!


(Суреттер ашық дереккөзден алынды)

Екіншіден нағашылар жасайтын салт бұл бесік тойға баланың жабдықтарын әкелу. Тұңғыш бала өмірге келгенде нағашы жұрты бесік жасауын алып келеді, өз жұрты той жасап береді. Ал кейінгі балаларға бесікке салу кәдесі ғана жасалынады.

Бесік жасауы да қазіргі кезде оңай емес, қалтаға салмақ салады. Қыз анасы бесікпен қоса, құда-құдағиларына да сый-сияпаттар жасап, арнайы тоғыз дайындап апарады.

Ал, сәби дүниеге келген шаңырақта, яғни бесік тойын жасап жатқан ата-әже келіннің ата-анасына арнап арнайы әшекей бұйымдарын, киіт кигізген. Бұл да сыйластықтың белгісі.

Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бесікті аяқпен тербетпе!» деп әжелеріміздің тыйып отыратыны да бесіктің қастерлі зат екендігін білдіреді. Бұл үш зат қашада бір-бірімен байланысып, ұшщтасып жатады. Осы киелі санайтын үш бйымды қатты тозып, тым ескірген жағдайда ғана аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған. Өртеген соң, тіпті оның күлін де аяқасты қылмай, көміп тастайтын болған. Өйткені, келген үй табалдырықтан басталады, бесікпен ұрпағың, әулетің өседі. Ал шаңырақ бүкіл өмірдің бастауы.

Қазақ сәби мен періште атауын қатар атаған. Өйткені, сәби періштедей пәк, таза болады. Сондықтан, сәби жататын бесікті де таза ұстаған. Бірде бір затын кірлетпей ұстаған. Егер біреу бесікті сұраса басыбайлы бере салмаған. Уақытша қолдана тұру үшін берген. Онда да бесіктің басына үкі тағып беретін болған.

Бесікті сатуға, кез келген адамға беруге, аяқ астына тастауға болмайды. Қазақ халқында бесік ұрпақ жалғастыратын қасиетті бүйым саналады. Баласы көп үйдің бесігін жақсы ырымға жорып, тек жақын туыстары қалап алып, жаңа түскен келіннің отауының төріне қойған. Бесікті ашық қалдырмайды, орап қояды. Бос бесіктің өзін анда-санда отпен аластап, жын-шайтаннан қорғаған.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«ЖИЕН» сөзінен жиренбеңіз! НЕМЕРЕ мен ЖИЕНнің ара жігін ажырата білгеніңіз жөн


ТҮС жорудың да жөні бар