Май, "колодка", сүзгі, аккумулятор... Қайсысын қай уақытта ауыстыру қажет?

0
6 912

Көлігіңіз тоқтап қалмасын десеңіз, бұларға жіті мән беру қажет.


Май,

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Көлігі бар адамдар қалтасына жүк түсіретін шығындардың болмай-ақ қойғанын қалайтын шығар. Бірақ, бұл мүмкін емес. Кез келген күрделі құрылымнан тұратын, электроникамен жабдықталған механизмнің бөліктері уақыт өте келе тозады және аустыруды талап етеді. Ал оларды қанша уақытта аустыру керек екенін біліп жүрген көптеген жүргізушіге пайдалы болары анық. Сонымен, көлік жабдықтарын қанша уақыттан кейін ауыстырған дұрыс екеніне тоқталайық.


Қозғалтқыш майы

Қозғалтқыш майын сүзгісімен бірге әр 7000 шақырым сайын ауыстыру қажет. Өйткені, зертханалық талдаулар нәтижесінде кез-келген майдың сапасы 7-10 мың шақырым жүргеннен кейін жоғала бастайтыны анықталған. Көптеген жүргізуші қозғалтқыш майын кем дегенде 9 мың шақырымнан кейін жаңалайды екен. Әрине, ол қалай жүріп-тұрғанына байланысты. Мысалы, біреу теп-тегіс жолмен, біреуі кедір-бұдырға толы жолмен, енді бірі батпақ немесе құммен жүруі мүмкін ғой. Сондықтан оның жай-күйін кем дегенде 2-3 аптада бір рет тексеріп тұрған абзал. Соған қарап, бағамдай бересіз.


Салқындатқыш май

Қозғалтқыштың температурасын бірқалыпты ұстап тұруға көмектесетін мұндай сұйықтықты әр 160 000 шақырым сайын ауыстырған жөн. Ал, азайса, толықтырып отыру қажет. Сондай-ақ, майдың деңгейін дембіл-дембіл тексеріп тұрсаңыз, уайым мен артық шығын мазаламайды. Олардың арасындағы ең тиімдісі – антифриз. Ол қозғалтқышты салқындатып қана қоймай, коррозиядан қорғайды. Антифриздің деңгейі min және max белгілерінің арасында, яғни минимумнан төмен, максимумнан жоғары көтерілмеуі керек. Сосын, антифриздің бір түсін ғана қолданған дұрыс.

Егер антифриз азайғанын байқап, оны қажетті деңгейге дейін толтырғанның өзінде бірнеше шақырымнан кейін тағы азайып қалса, қызмет көрсету сервисіне барыңыз. Олар ақауды анықтап, жөндеп береді. Ал, ақаудың алдын алу үшін бақылау тақтасындағы сенсорларды мұқият бақылап жүру керек. Сондай-ақ, қозғалтқыш қызып тұрғанда аталған сұйықтық құйылған бактің қақпағын ашпау керек. Қайнап тұрған сұйықтық шашырап кетеді.


Тежегіш «колодкасы»

Автоматты беріліс қорабымен жабдықталған көліктердің бұл бөлігін әрбір 25 000 шақырым сайын, ал механикалық беріліс қорабымен жабдықталған көліктердіңкін 30 000 шақырым сайын ауыстырған жөн. Олар әрқашан жұп болып ауысады; бір сәтте алдыңғы екеуін немесе артқы екеуін. Өйткені, бір жұптың әртүрлі деңгейде болғаны қауіпті. Маңыздысы – қауіпсіздік екенін ұмытпаңыз.


Тежегіш сұйықтығы

Тежегіш сұйықтығын әрбір 40 000 шақырым ауыстырып тұру қажет. Сондай-ақ, ол сұйықтықтың деңгейін, жалпы жай-күйін тексеріп тұрған өзіңізге пайдалы. Сосын, оны мүлдем сумен араластырмау керек. Ол қайғылы оқиғаларға себеп болуы әбден мүмкін.


"ГУР" сұйықтығы

Қажет болса, бұл жабдықты ай сайын тексерген артықтық етпейді. Ол үшін сұйықтықтың минимум мен максимумның арасында тұрғанын арнайы белгілерге қарап білуге болады. Есесіне рульді басқару кезінде қиындық туындамайды.


Жанармай сүзгісі

Бензинмен жүретін көліктердің жанармай сүзгісін әрбір 80 000 шақырым, ал дизельмен жұретіндердіңкін әрбір 20–30 мың шақырым сайын ауыстыру керек. Сонда ғана жанармай сүзгісінен цилиндрлер блогына шаң кірмей, жанармай сорғысы үздіксіз жұмыс істейді, ал саңылаулар бітелу қаупінен қорғалады. Егер сүзгіні ұзақ уақыт бойы ауыстырмасаңыз қозғалтқыш жұмысы нашарлап, ақаулар пайда болады.


Ауа сүзгісі

Жанармай сүзгісіне қарағанда, ауа сүзгісі шаңмен көп күресеі. Сондықтан оны әрбір 30-40 мың шақырым сайын ауыстырып отырады.

Сүзгіні ауыстыруға немқұрайлы қарау қозғалтқыш қуатының төмендеуіне, жанармайды артық тұтынуына, соңында бұзылуына соқтырады. Әлбетте, ол арзан жабдық, бірақ зардабы қымбатқа түсіреді.


Салон сүзгісі

Салон сүзгісін мүмкіндігінше жиі ауыстыру керек. Өйткені көлік ішіндегі микроклимат пен жүргізуші және жолаушылардың жай-күйі, денсаулығы соған байланысты. Мамандар оны әр 3-6 ай сайын ауыстыруға кеңес береді.


Оталдыру шамдары

Әр 30 000 – 50 000 км жүгіріс (қозғалтқыш тұтану салдарынан нашар жұмыс істей бастағанда)

Егер сіз жоғары сапалы жанармай құйып, қозғалтқышқа күш салмай жүрсеңіз свечалар ұзақ уақыт қызмет етеді. Дегенмен, ерте ме, кеш пе оларды ауыстыруға тура келеді. Ал, сол уақытта оларды ауыстырмай жүре берсеңіз, қозғалтқыштың қуаты мен қызметі нашарлап, мүлдем жұмысқа жарамай қалуға дейін жеткізеді.


Аккумулятор

Негізінен аккумуляторды 40 000 – 60 000 шақырым жүргеннен кейін немесе 3-4 сайын ауыстырып отырады. Оның іске жарамсыздығын суық ауа райында тексеріп көру қажет.


Автокөлікке күтім жасап, ақаулардың алдын алу қомақшы шығынның орын алмауына септігін тигізеді. Ал, ең маңыздысы – қауіпсіздік.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Атақты көлік компаниялары ТАҚЫРҒА ОТЫРДЫ. Себеп қандай?

КӨЛІКТІҢ майын таңдауда ҚАТЕЛЕСПЕҢІЗ! Сізге керек кеңестер