КӨЛІККЕ жанармай құюдың да ҚҰПИЯСЫ бар

0
6 387

Әрбір істің өзіндік қыр-сырын білген жөн.


КӨЛІККЕ жанармай құюдың да ҚҰПИЯСЫ бар

Қандай да бір істің қыр-сырын білмейтін адам әп сәтте қиындыққа тап болады. Тіпті, автокөлікке жанармай құю сияқты қарапайым тірлікте де тәжірибесіз жүргізуші мәселемен бетпе бет келіп қалуы ғажап емес. Сондықтан жанармай құю туралы кейбір кеңестерді ұсынамыз.


Жанармай құю ережелері

Әрбір жүргізуші бактағы жанармай деңгейін арнайы белгілер бойынша қадағалап, жанармайдың қай түрі болмасын толық бактың 25 пайызынан аз болуына жол бермеуі тиіс. Өйткені, отын деңгейі ¼-ден төмен болған кезде, бак түбіндегі қандай да бір тұнба мен ұсақ бөлшектер жанармай жүйесіне еніп, бұл автокөліктің жұмысына кері әсер етеді.

• Қазір автокөлікке арналған бензин, дизель және газ жанармай түрлері бар. Бензин мен дизельді бір бекеттен құюға болады, ал газ құйдыру үшін арнайы бекеттерге баруға тура келеді.

• Дүниежүзі бойынша бензин ең көп таралған жанармай болса, дизель отыны Еуропа мен Азияда өндірілген көліктерге тән.

• негізінде, соңғы 10 жыл көлемінде шығарылған автокөліктерге АИ-95 бензинін құю қажет. Дегенмен, 20-30 жыл бұрын шыққан көліктерге құятын АИ-92-ні де құя беруге болады.

• Тәжірибелі автокөлік жүргізушілері қандай жанармай құю бекеттеріндегі отын сапалы немесе сапасыз екенін біледі. Сондықтан көлік тізгініне жаңадан отырғандардың тәжірибесі толысқан жүргізушілермен осы тақырып аясында аз-кем ақылдасқаны дұрыс.

• Сондай-ақ, рулді жаңадан ұстағандар кейде жанармай багының қай жақта орналасқанын білмей, көлікті дұрыс қоймай жатады. Ол артық жүріс жасауға итермелеп, уақытыңызды алатынын ұмытпаңыз. Сондықтан кез келген жүргізуші бензин багының қай бетте орналасқанын жаттап алғаны жөн.


Жанармайды толтырып құю

Автокөлікке жанармай құю станциясының аумағына кіріп, қажетті бекеттің қасына тоқтағаннан кейін, қауіпсіздік ережелеріне сәйкес көлікті өшіру керек. Егер, қозғалтқышты тоқтатуға мүмкіндік болмаса, тұрақ режимін қосу керек, әсіресе автоматты берілісі бар көліктерде. Одан кейін жүргізуші жанармай багының сыртқы қақпағын ашады. Заманауи автокөліктерде мұны салоннан шықпай-ақ орындауға болады.

Жанармай құю «тапаншасының» түрлі модификациясы болады. Сондықтан кейбір жағдайларда жанармай жіберу түймесін бір рет басу жеткілікті болса, енді беруінде «тапаншаны» жжанармай құйылып біткенше ұстап тұруға тура келеді. Ал, қажетті жанармай құйылып біткесін түтікті мұқият алып тастау керек. Көбіне мұндай қызметтерді жанармай құю бекетінің қызметкерлері атқарады. Бірақ, бүкіл жұмысты өзіңіз атқаруға тура келетін бекеттер де бар. Сондықтан, аз-маз тәжірибе жинаған артықтық етпейді. Сонымен қатар, сарапшылар жанармай багын аузы-мұрнына дейін толтырмауға кеңес береді.


Керек кеңес:

• Көліктің бензобагы құрғап қалғанша жүре бермеңіз. Әйтпесе жанармай жүйесі істен шығуы мүмкін.

• Жанармай құю бекетінен шығар кезде өзіңіздің және айналадағы барлық қозғалысты бақылауда ұстаңыз.

• Жанармай құярда қозғалтқышты өшіріп, түтікті бакқа тыққаннан кейін ғана ақша төлеңіз.

• Егер, жанармай құю бекеті биік жерде орналасса, онда көліктің қол тежегішін қосып қою керек екенін есте ұстаған жөн.


Негізінде, автокөлікке жанармай құю қарапайым процесс, бірақ қандай да бір қателік орын алса, үлкен мәселе туындайды.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Май, "колодка", сүзгі, аккумулятор... Қайсысын қай уақытта ауыстыру қажет?


Көлігін САТАТЫН адамның ҚАТЕЛІКТЕРІ көп