Көлігін САТАТЫН адамның ҚАТЕЛІКТЕРІ көп

0
6 750

Кез келген адам көлік ауыстыратын кезде қолданыстағы темір тұлпарын міндетті түрде қымбат бағаға сатқысы келеді. Бірақ...


Көлігін САТАТЫН адамның ҚАТЕЛІКТЕРІ көп

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Статистикаға сәйкес, автокөлік салоннан сатып алғаннан кейін бірден құнсыздана бастайды. Жалпы алғанда, көлік әр жыл сайын құнының кем дегенде 5-7 пайызын жоғалтады екен. Шамамен бес-алты жылдан кейін ол автокөліктің құны бастапқы құнының жартысынан сәл ғана асады. Бірақ, кім болса да өз көлігін максималды бағаға өткізгісі келеді. Дегенмен, сол сауда кезінде адамдар қателіктерге бой алдырып қояды. Мәселен, дайындауға көп ақша жұмсап қояды, келліссөзді дұрыс жүргізе алмайды және т.б. Осы мақалада сондай олқылықтардың біразын талқылаймыз.


Көліктің құнын білмеу

Сіз көлігіңізді дұрыс бағалау үшін оның нарықтық құнын зерттеп алуыңыз керек. Ол үшін бағалауға көмектесетін арнайы сервистердің көмегіне жүгінуге болады. Бағалау сервистеріне неғұрлым нақты ақпарат берсеңіз, бағасы да тура шығады. Сонымен қатар, кейбір сервистер көлігіңіздің максималды және минималды бағасы қандай болуы мүмкін екендігі туралы нақты түсінік береді. Ал, ең дұрысы сол мәліметтер арқылы орташа бағасын шығарып алу.

Сондай-ақ, басқа сатушылар шығарған жарнамалар арқылы да анықтауға болады. Әрине, сіздікіне ұқсас көліктермен салыстырып. Бұл көлікті асыра бағалап жіберіп, тұтынушылардың теріс айналуынан сақтайды.

Сатар алдында қомақты қаржыға жөндету

Мысалы, сіз «сатар алдында көлігімді қомақты қаржыға жөндетсем, қымбатқа сатамын» деп ойлайсыз. Әрине, ол шындыққа айналуы мүмкін, бірақ оған салынған инвестицияны қайтару екіталай. Себебі, ондай іс-әрекет сатушылар күткендей автокөліктің құнын арттыра қоймайды. Ескерте кетейік, бұл әрлеу жұмысына емес, механикалық жөндеуге қатысты. Немесе автокөлікке қандай жөндеу жүргізілгенін және оған қанша қаржы кеткенін дәлелдейтін ақпараттарды жинап қойыңыз. Сонда ғана сатып алушының арзан бағасына қарсы аргумент айта аласыз.

Автокөлікті жарнамалаған кезде қажетті жөндеу немесе проблемалар туралы ашық айтыңыз. Өйткені, ондай кем-кетіктерді сіз жасырғанымен, көз көріп қояды. Содан кейін, сіз туралы теріс пікір туындап, сенімсіздік пайда болады және көлікті сату мерзімі ұзарады. Өзіңіздің де, өзгенің де уақытын ұрламаған дұрыс.


Бағалау стратегиясының болмауы

Сатушының тірлігі көліктің сатылатын құнын шығарумен ғана бітпейді. Егер, саудаласып, құнын түсіруге келісемін деп шешсеңіз, бастапқы бағасын сәл көтеріп қоюға хақыңыз бар. Сондай-ақ, сатып алушылардың ұсыныстарына жауап беру жоспары болуы керек. Мысалы, сатып алушы сіз ойлаған бағадан аз айтса, қалай жауап бересіз?


Сату туралы құжаттарға оқымай қол қою

Кейде стандартты формадағы құжаттарда да қателік болуы мүмкін. Тіпті, қателікті делдалдар пайда табу үшін әдейі істеуі мүмкін. Сол себепті құжаттарға қол қоймас бұрын мұқият тексеріңіз. Егер сіз қате тапсаңыз немесе сұрақтарыңыз болса, келісімшартты қайтадан жасау қажет. Есіңізде болсын, асығыстық пен неқұрайлылық өзіңізге зиян тигізеді.

Бірінші ұсынысты қабылдау

Келіссөз сауданың маңызды бөлігі. Егер сатып алушы ойыңыздағыдан төмен баға ұсынса, өз ойыңызды айтып, қарсы ұсыныс жасау қажет. Ол сізге ешқандай зиян тигізбейді. Мүмкін ол да «келіссе, ала салам» деп, әдейі арзан бағаға сұрап жатқан болар. Сондай-ақ, қарсы ұсыныс айтқан кезде орташа бағаның да қолайлы болатынын ескеріп қойыңыз. Сонымен қатар, ұсынысты бірден қабылдау сатып алушының ойына күдік ұялатып, көлігіңізде барлығы дұрыс екеніне күмәнданып қалуы, тіпті сатып алудан бас тартуы мүмкін.


Сатар алдында көлікті тазаламау

Іші-сырты таза көлік кімнің көзін баурамасын? Оның үстіне күтім жасалған көліктің сатылуы да жылдам болады. Сондықтан, сатар алдында жуып, майда қоқыстардан тазартып қойыңыз.


Тегін хабарландыру жасайтын сервистерді пайдаланбау

Қазір көлікті ақысыз жарнамалайтын көптеген сайттар бар. Соларды неге пайдаланбасқа? Дегенмен, тегін жарнама тұтынушыларға сирек көрінетіндіктен, сұранысты көбейту үшін ақылы жарнаманы қолдануға болады. Ал, оған қиналсаңыз, бірнеше сайтқа жарнамалауға болады. Оған қоса, достарыңыз арқылы топтар мен желілерге салыңыз. Жарнаманы бірнеше сайтқа орналастыруға тырысыңыз, сату арналарының санын көбейтіңіз.

Жарнаманы дұрыс жасамау

Егер жарнамадағы маңызды мәліметтерді толық көрсетпесеңіз немесе жалған ақпарат берсеңіз, өзіңіздің де, өзгенің де уақытын ысырап етесіз. Көліктің жағдайын мүмкіндігінше егжей-тегжейлі сипаттау маңызды. Ал, жалған ақпарат сауданы сәтсіз етеді. Жарнамада шығарылған жылы, маркасы, моделі, сыртқы жағдайы, беріліс түрі және сипаттамалары сияқты негізгі ақпараттар, сонымен қатар қажет ететін жұмыстар жазылуы керек. Техника дамыған заманда бірнәрсені жасырып қалудың қажеті жоқ.


Жарнамадағы сапасыз сурет

Жарнамасында сапалы фотолары бар көліктер көптің назарына бірден ілігеді де, сұраныс көбейіп, көргісі келетіндер саны артады. Бұл кәсіби фотографты жалдаңыз дегеніміз емес. Қазір тартымды фото жасау үшін смартфон жеткілікті. Барлық маңызды бөлшектерге назар аударуға тырысып, интерьер мен сыртқы көріністі әр түрлі ракурстан суретке түсіріңіз. Шанаққа, салонға және қозғалтқышқа ерекше назар аударыңыз.

Кепілдік туралы айтпау

Егер сіз көлігіңізді сатып алушыға кепілдік беретін болсаңыз, оны міндетті түрде жарқыратып жарнамалау қажет. Бұл мыңның бірі ғана ұсынатын өте құнды ақпарат.


Техникалық қызмет көрсету туралы жазбалардың болмауы

Техникалық қызмет көрсету жазбалары, орындалған жұмыс актілері, қосалқы бөлшектерді сатып алу кезіндегі чектер, аккумуляторға берілген кепілдік талоны және осыған ұқсас құжаттарды жарнамаға қосу қажет. Мұндай жазбаларды көрген сатып алушы сенімді болады. Сонымен қатар, бұл автомобильге жақсы күтім жасалғанын дәлелдеудің ең жақсы тәсілі.


Жеке бастың деректерін жариялау

Сіздің жеке деректеріңізге қол жеткізуге тырысатын адамдар бар. Өйткені, қазіргі уақытта анонимді түрде кез-келген нәрсені сату қиын. Десе де, сіз өзіңіздің жеке деректеріңіздің құпия болып қалуын қамтамасыз ете аласыз. Ол үшін көлікте өзіңіз туралы ақпарат қалдырмай, сатып алушымен үйден тыс жерде кездесіңіз.


Сенімхат және техникалық паспорт бойынша сату

Сатып алу мен сатудың ең дұрыс нұсқасы – мемлекеттік қызмет көрсету орталығына барып, иесінің атына қайта тіркеу. Ал, сенімхатпен сатсаңыз, көліктің жаңа иесі жасаған заңбұзушылықтардың айыппұлы сіздің атыңызға келеді.


Төлем кезінде алаяқтарға құрбаны болу

Көлік сатқанда ақшаны қолма-қол алып, банкноттарды банкке барып тексеріп алу қажет.


Қолайсыз мәміледен бас тартпау

Кей адамдар көлігін сатуға асығып, төмен бағаға келісе салады. Бұл негізінде дұрыс емес. Иа, көлік бірден сатылып кете қоймайды. Дегенмен дұрыс келісімшартты күтіңіз.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


КӨЛІКТІҢ майын таңдауда ҚАТЕЛЕСПЕҢІЗ! Сізге керек кеңестер


Май, "колодка", сүзгі, аккумулятор... Қайсысын қай уақытта ауыстыру қажет?