Жапонияда жергілікті шенеуніктің ұлы 4 адамды өлтірді деген күдікпен қамалды

0
332

Күдікті 31 жастағы Масанори Аоки – Нагано префектурасы Накано қаласындағы қалалық жиналыстың спикері Масамичи Аокидің үлкен ұлы.


Жапонияда жергілікті шенеуніктің ұлы 4 адамды өлтірді деген күдікпен қамалды

ERNUR.KZ. Жапонияда жергілікті шенеуніктің ұлы төрт адамды өлтірді деген күдікпен қамауға алынды, деп жазады ҚазАқпарат.

Күдікті 31 жастағы Масанори Аоки – Нагано префектурасы Накано қаласындағы қалалық жиналыстың спикері Масамичи Аокидің үлкен ұлы. Полицияның хабарлауынша, ол екі полиция қызметкерін атып өлтірген және тағы екі адамды пышақтады деген күдікпен қамауға алынды.

Оқиға префектура астанасы Наканоның солтүстік-шығысындағы қалада болды. Полицияға жергілікті уақыт бойынша сағат 16:25 шамасында ер адамның әйелді пышақтағаны туралы жедел қоңырау түскен. Далада жұмыс істеп жүрген куәгер жергілікті уақыт бойынша сағат 16:00 шамасында шабуылдаушының көмекке шақырған әйелді қуып келе жатқанын көрген. Камуфляж, қалпақ, күннен қорғайтын көзілдірік және бетперде киген күдікті әйелдің қолынан ұстап, ұзындығы 30 сантиметрдей пышақты арқасына сұғып алған. Куәгердің айтуынша, қаскүнем әйел жерге құлап бара жатқанда кеудесіне тағы да пышақ сұққан. Шабуыл жасаған адам кетіп қалған соң, 72 жастағы куәгер 150 метрдей жердегі үйіне жүгіріп, полицияға хабарлаған. Кейінірек полиция әйелдің қайтыс болғанын хабарлады. Оның 66 жастағы Юки Мураками екені анықталды. Сондай-ақ, 70 жастағы тағы бір әйел – Ясуко Такеучидің сол маңда жарақаттанып, кейіннен көз жұмғаны белгілі болды.

Күдікті оқиға орнына жеткен полицейлерге оқ атып, 46 жастағы инспектор Йошики Тама және 61 жастағы сержант Такуо Икеучи қайтыс болды.

Кейін күдікті әкесі – қалалық жиналыс спикерінің үйіне кіріп алған. Полицейлер оны берілуге көндірген.