Түркияда жер сілкінісінен 261 сағат өткен соң 2 ер адам құтқарылды

0
488

Сондай-ақ 260-сағатта 14 жастағы жасөспірім құтқарылды.


Түркияда жер сілкінісінен 261 сағат өткен соң 2 ер адам құтқарылды

ERNUR.KZ. Түркияда жер сілкінісінен 261 сағат өткен соң 2 ер адам құтқарылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Anadolu ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Антакияның Одабаши ауданында 26 жастағы Мехмет Али Шакироглу мен 34 жастағы Мұстафа Авджи жер сілкінісінен 261 сағат өткен соң қирандылар астынан құтқарылды.

«Үйінділерді тазалаған құтқару тобы қираған үйдің бетон тақталар арасында қысылып қалған екі азаматқа жетті. Шешуші әрекеттен соң олар 26 жастағы Мехмет Али Шакироглу мен 34 жастағы Мұстафа Авджиді бетон құрсаудан босата алды», - делінген хабарламада.

Олар Кахраманмарас жер сілкінісінен кейін 12 күнге қараған шақта құтқарылды.

Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді.

Сондай-ақ Антакия қаласында жер сілкінісінен 260 сағат өткен соң ғимарат қирандыларының астынан 14 жастағы жасөспірім құтқарылды. Екінджи аймағындағы «Букет» үйінің қираған орнында жұмыс істеп жатқан іздестіру-құтқару топтары баланы аман-есен алып шықты.

Апат аймағында іздеу-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Эпицентрі Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 38 мыңнан асып кетті.

Айта кетерлігі, Қазақстан Түркияға тағы 55 тонна гуманитарлық көмек жіберді. ҚР Үкіметі апат болған алғашы күні-ақ Түркия Республикасына қосымша гуманитарлық көмек жөнелткен болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы шұғыл жәрдем ретінде 1 миллион доллар бөлінетінін хабарлады. Бұдан бөлек, қазір зілзала болған аймақта қазақстандық құтқарушылар да адамдарды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал қазақстандық еріктілер Кахраманмараш қаласында 100 қазақ үйін тігіп жатыр.