Өзбекстанда аяз салдарынан жылыжай жемістері қымбаттауы мүмкін

0
480

Қазір Ташкенттегі ауа температурасы -15 градус.


Өзбекстанда аяз салдарынан жылыжай жемістері қымбаттауы мүмкін

ERNUR.KZ. Өзбекстанда аяз салдарынан жылыжай жемістері қымбаттауы мүмкін. Елдің шаруалары осылай деп дабыл қағуда, деп жазады inbusiness.kz.

Ал Өзбекстан Бас консулдығы автобус, не көлікпен Қазақстанға барудан бас тартуды ұсынды. Орталық Азиядағы ең жылы елдердің бірі мұндай қақаған қысқа дайын болмаған сыңайлы.

Соңғы 5 жылда болмаған аяз. Жаңа жылдан Өзбекстанның синоптиктері осылай деп дабыл қағып келеді. Жолдар жабылды, рейстер тоқтады. Елдің таулы аймақтарында қар көшкіні болуы мүмкін деген қауіп бар. Сондықтан кейбір демалыс орындарындағы тұрғындар эвакуацияланды. Ал көктайғаққа қарамастан қысқы шинамен жүрген жүргізушілер жоқтың қасы. Салдарынан жол апаттары да жиілеген.

"Қоғамдық қауіпсіздік департаменті жүргізушілерден қысқы шиналарсыз көлік жүргізбеуді сұрайды. Әрі бұл күндері тәжірбиесі аз жүргізушілер таулы аймақтарға шықпағаны жөн. Ал тұрғындардан көктайғақ кезінде қоғамдық көліктерді пайдалануды сұраймыз", дейді Өзбекстан ІІМ ақпараттық қызметінің басшысы Музифа Султанова.

Онсыз да энергетикалық дағдарысқа тап болған ел үшін бұл аяздарды еңсеру оңайға соқпайын деп тұр. Тұрғын үйлерді жылусыз қалдырмас үшін ел билігі жарықты уақытша өшіруді тағы бастады. Берілетін табиғи газдың көлемі де азайған. Енді жылыжайлардағы температураны газбен ұстап отырған шарулар өнімнің сапасы мен саны азайып кете ме деп алаңдаулы. Мұндай аязға ең төзімсіз жемістер - анар, лимон және шие мен өрік екен. Ал тұрғындар көктемде баға шарықтамаса игі деп отыр.

Қазір Ташкенттегі ауа температурасы -15 градус. Синоптиктер түнде минус -27-ге дейін сықырлаған аяз болады деп болжады. Ауа-райының мұндай мінезі елде келер аптаның аяғына дейін сақталады. Иа, Қазақстанның солтүстік аймақтары үшін бұл ең жылы күндердің бірі болуы мүмкін. Алайда қыста ауаның орташа температурасы +6 болатын Өзбекстан үшін бұл нағыз апокалипсис.